Ұлттық музейде Сақ тайпасының алтын бұйымдары таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде «Сақ алтыны» түпнұсқа артефактілердің халықаралық көрмесі ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Көрмеге б.з.д. VII-II ғғ. Сақ мәдениетіне тиесілі ҚР Ұлттық музейі, Орынбор губернаторлық тарихи-өлкетану мұражайының жинақтарының және атақты қазақстандық реставратор Қырым Алтынбековтың коллекцияларының үздік артефактілері ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Берел, Шілікті, Тақсай, Аржан қорғандарынан табылған түпнұсқа алтын бұйымдар және 2013 жылы Орынбордан табылған Сармат ханшайымының реставрацияланған нұсқасы қойылған.

0 

Салтанатты шара ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау сөзімен ашылды.

«Бүгінгі шараны ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өткізіп отырғанымыз үшін қуаныштымын, себебі бірлескен көрме өткізуді жылдар бойы армандап келдік. Өздеріңізге мәлім, сақ жәдігерлерінің ең құнды олжасы - Ұлттық музейімізде тұрған «Алтын адам». Бұл қадамдарымыз көрермендерге ғана емес, ғылымға да орасан зор пайдасын тигізеріне сенімдімін», - деді ол.

Сондай-ақ, көрме кураторы, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков табылған жәдігерлерді реставрациялау барысында жылдамдық пен ұқыптылықты қатар ұстанудың маңызды екенін айтты.

«Біздің зертхана археологиялық олжалар мен музейдің құнды бұйымдарын консервациялаумен және реставрациялаумен айналысады. Бұл істе бізге әрбір секунд қымбат, біздің тарихымыз бен мәдениетімізді айғақтайтын экспонаттың тағдырын сол секунд шешеді. Өткен жылы музейге мыңдаған артефактілер тапсырдық. Оның көпшілігі тез жоғалатын органикадан құралған», - деді ғалым.

Айта кетейік, аталған шара ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отыр. «Сақ алтыны» бұйымдарына дейін ҚР Ұлттық музейінде  «Цинь Шихуанди императордың Терракота әскері»,«Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтың Нью-Йорк музейіндегі жауһарлары» және өзге де экспозициялар ұйымдастырылды.

1 2 3 4 5 6 7 8 1 

Соңғы жаңалықтар