Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтіледі – Әлихан Смайылов
«Мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру және Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру мақсатында арнайы Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданады. Ол бюджет саясатын, мемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қамтиды. Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтіледі», - деді бірінші вице-премьер.
Осы ретте ол тұжырымдаманың негізгі тәсілдері ретінде мемлекеттік борыштың өсуін шектеу және оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету; борыш тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерін белгілеу; барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін келесі шараларды айқындау ұсынылғанын айтты.
«Бюджет кірістерін ұлғайту бөлігінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Жоспарда бизнесті көлеңкеден шығуға ынталандыруға, салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтаруға қарсы күресті күшейтуге бағытталған іс-шаралар көзделген. Сондай-ақ, артық тосқауылдарды алып тастау және заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілуде», - деді Әлихан Смайылов.