Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Еңбек министрімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) мүшелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесінің (ҰҚСК) мүшелері онлайн режимінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовпен әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелерін талқылады.

Жұмыс отырысына әлеуметтанушы, «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы» ҚҚ директоры Гүлмира Ілеуова, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының жетекшісі Арман Қашқынбеков, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының президенті, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Рахым Ошақбаев, саясаттанушы, BTS Digital ғылыми жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров, Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов, журналист Максим Рожин, қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым, «Акселератор добра» республикалық еріктілер қозғалысының жетекшісі, заңгер Айнұр Сәбитова, журналист және қоғам қайраткері Ляззат Кожахмет қатысты.

ҰҚСК хатшысы Ерлан Карин атап өткендей, бұл кеңес мүшелерінің министрлермен бесінші кездесуі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев Ұлттық сенім кеңесі мүшелерімен жүздескен.

Басқосуға қатысушылар министрге қазіргі таңдағы өзекті сауалдарды қойып, жан-жақты жауаптарын алды. Саясаттанушы, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек елімізде қызметкерлердің еркін уақытта және қашықтықтан жұмыс істеуіне арналған заңнамалық шектеулер бар әлі сақталып тұрғанын атап өтті.

«Бұл - реттеу шараларын қажет ететін шаруа, өйткені карантинге қатысты жағдай және оның салдары ұзаққа созылатын сияқты», - деді Нұрбек.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев тұрғындарға зейнетақы қаражатын тек баспана мәселесін шешуге ғана емес, өздері немесе балаларының білім алуына жұмсауына мүмкіндік беру туралы ұсыныс жасады.

«Президент алғашында білім алуға жұмсау туралы айтты, бірақ біз оны жұмыс тобында талқылаған кезде көпшілік бүгінде Қазақстанда білім алуға қажетті құралдар жеткілікті деген тоқтамға келді. Олар одан гөрі ақысы қымбатқа түсетін емдеу шараларына бөлу жолдарын қарастыруды жөн көрді. Қазір заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Біз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде білім алудың жеңіл жолдары бар деген шешімге келдік - егер біз қандай да бір азаматқа зейнетақы қаражатының белгілі бір мөлшерін алуға мүмкіндік берсек, егер ол оны білім алуға жұмсаса, онда тұрған ештеңе жоқ. Егер сіз ҰҚСК мүшесі ретінде қолдау көрсетсеңіз, депутаттар да осындай пікірде болса, мұны Парламентте шешуге болады», - деп жауап берді Нұрымбетов.

«Акселератор добра» республикалық еріктілер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова министрге ерікті болған жастарға тиімді пайызбен несие беруді қарастыруды ұсынды.

Отырыстың соңында кездесу барысында айтылған ұсыныстарды министрлік қабылдайтындығы айтылды. Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов бірқатар мәселелерді пысықтауға ведомство жанындағы жұмыс тобына ҰҚСК мүшелерін де шақырды.

Сонымен қатар, 24 қыркүйек күні кеңес мүшелері Ауыл шаруашылығы министрімен кездесу өткізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Айта кетейік, ҰҚСК 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған, Кеңестің төртінші отырысы 6 қазан күні өтеді. ҰҚСК қызметі туралы ақпарат Facebook пен Telegram .-дағы ресми парақшасында жарияланады.


Соңғы жаңалықтар