Ұлттық кеңестің аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асты – Ерлан Қарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің аясында айтылған бастамаларын тиісті түрде жүзеге асыру бақылауға алынды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамыр айында өткен Ұлттық кеңестің үшінші отырысынан кейін кеңес аясында бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Ең алдымен хатшылық тарапынан Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің аясында айтылған бастамаларын тиісті түрде жүзеге асыру бақылауға алынды. Атап айтқанда, екінші отырыста жарияланған саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар пакеттерін жүзеге асырылуы ерекше назарға алынды», - деді Е. Қарин.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Ұлттық кеңестің аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асып, мамыр-мауысым айларында жеті заң қабылданды. Бұл заңдар көп партиялы жүйенің дамуына, саяси партиялар мәртебесінің артуына, жастар мен әйелдердің өкілетті билік органдарына белсенді тартылуына, адам құқығын қорғауға септігін тигізеді.

«Сонымен бірге қазіргі уақытта хатшылық экономикалық, әлеуметтік реформалар пакетінің жүзеге асырылуын бақылауда ұстауда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 2 қазанында Сенатқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін 10-нан 20 есе ұлғайтуды қарастыратын заң жобасы қарауға енгізілді. Сондай-ақ, ауыл шараушылығы жерлерін пайдаланбау мерзімін мәжбүрлеп қайтару үшін екі жылдан бір жылға қысқарту нормасын қамтитын заң жобасы жыл соңына дейін Мәжіліс қарауына өткізілуі жоспарланып тұр», - деді Ерлан Қарин.
Соңғы жаңалықтар