Ұлттық кеңес әлеуметтік жаңғыртудың маңызды құралына айналды - Ерлан Сайыров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Сайыров қоғамдық диалог орнату жұмыстары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қоғамдық кеңестің екінші отырысында Президент қоғамдық-саяси процестерді жетілдіру жөніндегі пакетті ұсынды. Бүгінгі таңда сол пакет аясында Митингілер туралы заң қоғамның талқысына ұсынылды. Партиялар туралы заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Ең негізгісі - еліміздегі Қылмыстық Кодекстің 174 және 132-баптарына өзгерістер енді. Бұл - біздің еліміздегі азаматтық қоғамды дамытудың белгілі бір индексін көтеруге ықпал ететін қадамдар деп айтуға болады», - деді Е. Сайыров Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлттық кеңес: қоғамдық келісімді қайта жандандыру» атты ҰҚСК пікірталас клубының отырысында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қоғамның демократияға, пікір алуандығына сұранысы өте жоғары.

«Қазір қоғамның пікір плюрализміне, әсіресе қоғамдық-саяси процестерді демократияландыруға сұранысы өте жоғары. Бұл - заңдылық. Тұтас адамзаттың дамуы, оның ішінде әлеуметтік-саяси саланың жаңғырудан құралады. Қазақстан да бұл өзгерістерден тыс қала алмайды. Біздегі процестерді Батыс пен Шығыстағы барлық елдер басынан өткерген. Яғни, қоғаммен диалогқа деген сұраныс тек қана арта береді», - деді спикер.

Бұл тұрғыда мемлекет маңызды қадамдар жасады. Соның бірі - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру.

«Ұлттық кеңес әлеуметтік жаңғыртуда, қоғамдық-саяси процестерді жүргізуде маңызды құралға айналды. Әрине, кеңесті біреу қолдайды, кей адамдар сынайды. Бұл - қалыпты жағдай. Сын - кез келген саладағы жетілдіру тәсілдерінің бірі. Сондықтан, сынды дұрыс қабылдауымыз керек. Алайда, сынмен бірге ұсыныс та айтылуы тиіс», - дейді Ерлан Сайыров.


Соңғы жаңалықтар