Ұлттық кеңес 2,5 жылда не тындырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың 12 маусымында Президент Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған еді. ҚазАқпарат тілшісі содан бергі 2 жыл 5 айда Ұлттық кеңес қандай өзгерістерге мұрындық болғанын таразылап көрді.

«ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған тұстан бері не тындырды» деген сұраққа жауап берсек, бірнеше өзгерісті атап өтуге болады.

Біріншіден, Ұлттық Кеңес өзінің өміршең институт екенін көрсетті. Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардан көрініс тауып жатыр. Мемлекет басшысының кеңеске қатысқа кезде берген тапсырмаларын іске асыру жолында 90-нан астам нормативтік-құқықтық акті, оның ішінде 20 Заң қабылданған.

Екіншіден, Ұлттық кеңес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың тиімді тетігіне айналып отыр. Атап айтсақ:

- шетелдіктер мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынды;

– шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы қысқартылды (2019 жылғы 49 мыңнан 2020 жылы 29 мыңға дейін);

- болашақ педагогтер мен медицна мамандарының шәкіртақылары 50 мың теңгеге дейін, докторанттардың стипендиялары 172 мың теңгеге дейін) көбейтілді;

- педагогикалық бағытта жоғары оқуға түскісі келетіндерге қойылатын талаптар күшейтілді (ҰБТ- бойынша шекті балл 60-тан 70 балға дейін көтерілді),

- 100% мемлекеттің қатысы бар ұлттық, мемлекеттік жоғары оқу орындарын жеке меншікке беруге тыйым салу туралы норма енгізілді;

- ЖОО оқытушыларының, медицина қызметкерлерінің жалақысы артты;

- ерекше білім алуға мұқтаж балаларды психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыратын нормалар бекітілді;

- мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру саласында жаңа тәсілдер әзірленіп, бекітілді;

- алты өңірде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды;

- әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің штат саны нығайтылды

- автокөлік иелеріне көлік жүргізу кезінде тек жеке куәлігін алып жүруге мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер қабылданды;

- оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге көшкендерге берілетін субсидиялар мөлшері 2 есе – 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;

Үшіншіден, Ұлттық кеңес саяси реформалар бойынша ұтымды ұсыныстар көтеретін алаңға айналды.

Мемлекет басшысы кеңес жұмысына қатыса отырып, саяси реформалардың 4 пакетіне бастама ретінде көтергені белгілі. Соның аясында 10 заң қабылданды. Жуықта Парламентте тағы бірнеше заң жобасын қарау жоспарланып отыр.

Осы реформалардың көбінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелер көтерген ұсыныстар кірді. Сонымен қатар, Ұлттық кеңестің мүшелері Мәжілістің, министрліктердің жұмыс топтарының отырыстарына тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезінде белсенді қатысты.

Төртіншіден, Ұлттық кеңес билік пен қоғам арасындағы тікелей диалог алаңы ретінде жұмыс істей бастады. Мемлекет басшысы кеңестің отырыстарының бәріне тікелей қатысып келеді. Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес мүшелерімен жеке-жеке сұхбаттасу тәжірибесін тиімді пайлдаланып жүр. Осы кездесулер аясында 28 қоғам белсендісі мен сарапшы Президентпен жүздесіп, өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.

Министрлер де саладағы өзекті мәселелерді Ұлттық кеңес мүшелерімен талқылауды әдетке айналдырып келеді. Министрлермен онлайн форматта 20 кездесу өткізілді.

Бесіншіден, Ұлттық кеңес қоғам арасындағы диалогты өңірлік деңгейде де ілгерілетіп жүр. Биылғы мамыр айынан бері кеңес мүшелері Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарына барып, сондағы белсенділермен кездесіп қайтты.

Өңірлермен жүргізілген жұмыстың нәтижесі болса керек, Ұлттық кеңестің құрамына Ақтөбе облысынан Тәттігүл Талаева, Түркістан облысынан Бөріхан Нұрмұхамедов, Маңғыстау облысынан Уайс Ерсайынұлы қабылданды. Бұл Ұлттық кеңестің күн тәртібіне өңірлік деңгейдегі мәселелердің жиі шығуына әсерт етуде.

Алтыншыдан, Ұлттық кеңес мүшелері реформаларды іске асыру барысына мониторинг жүргізіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің сарапшылары саяси реформалар, Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық бастамаларын іске асыру, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жөнінде аналитикалық баяндамалар дайындады. Сондай-ақ бейбіт жиналыстар туралы жаңа Заңның қолданысына шолу жасады. Осы баяндамалар негізінде реформалардың сапасына баға беріліп, бірқатар ұсыным берілді.



Соңғы жаңалықтар