Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалды түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мәдина Әбілқасымова валюталық нарықтағы ахуалды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай нарығы ішкі валюта нарығындағы жағдайға қысым көрсетіп келеді. Осы жылдың қыркүйек-қазан аралығында мұнай бағасы 57,7 АҚШ долларынан 69 АҚШ долларына дейін өзгерді. Осы кезеңде теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 385,27 теңгеден 390,12 теңгеге дейін жетті», - деді Мәдина Әбілқасымова Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің отырысындағы «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымында.

Оның айтуынша, банктердің валюталық свопты өтеу және клиенттердің валютадағы шоттарының шетелге кетуінен Ұлттық банктің алтын-валюта резерві 6,8 пайызға немесе 2,1 млрд долларға төмендеп, 28,8 млрд долларды құраған.

«Ұлттық қордың 59,4 млрд АҚШ долларлық активін қоса алғанда жалпы халықаралық резервтер 88,2 млрд долларға тең болды. Осы жылдың І жартыжылдығының нәтижесі бойынша төлем балансының ағымдағы операциялар шоты 1,9 млрд долларлық дефицитпен қалыптасты. 2018 жылдың І жартыжылдығымен салыстырғанда тауар экспорты 0,8 пайызға өсіп, 28,6 млрд долларға жетті. Тауар импорты инвестициялық және азық-түлікке жатпайтын тауарларға сұраныстың ұлғаюы нәтижесінде 7,2 пайызға өсіп, 17,2 млрд АҚШ долларына теңесті», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Еске сала кетсек, Парламент Сенатының бүгінгі отырысында Мәдина Әбілқасымова инфляция деңгейін 2020-2021 жылдары - 4-6 пайыз, 2022 жылдан бастап 3-5 пайыз дәлізінде сақтау көзделіп отырғанын мәлім еткен еді.

Соңғы жаңалықтар