Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені 9,5 пайызға көтеру себебін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында базалық мөлшерлеме неге 9,5%-ға көтерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың табысы мен тұтынуының өсуі инфляцияға қарсы қысымның қосымша көзі болып отыр. Сұраныстың қалпына келуін екінші тоқсанда халықтың нақты табысының 1,5% өсуі қайта жандандырды. Екінші тоқсанда нақты мәнде қызметкерлер жалақысының 10,4%-ке жеделдеуі аясында үй шаруашылықтарын тұтыну көлемі өсіп келеді. Осылайша, инфляцияның өсу серпіні мен факторлары, экономиканың қалпына келу қарқыны және сәйкесінше сұраныс тарапынан күшейіп келе жатқан инфляцияға қарсы қысымды ескере отырып, Ұлттық банк 13 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 9,5%-ке дейін 0,25 проценттік тармаққа көтерді», - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы елдегі инфляция тұрақты сипат алып бара жатқанын айтты.

«Қазақстанда инфляцияның өсуі барынша тұрақты сипат алып отыр. Биылғы сәуір мен тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-тен 8,7%-ке дейін жылдамдады. Бағаның ай сайынғы өсімі 2008 жылдан бері алғаш рет тамызда ең жоғары болды. Маусымдық тазартылған базалық инфляция, яғни көкөністер мен жемістер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметтері мен энергия ресурстары бағасының өсуін есепке алмағандағы инфляция тарихи орташа мәндерден 25%-ке жоғары болды және орнықты инфляциялық процестердің қалыптасуын көрсете отырып, 0,75% болды», - деді Ұлттық банк төрағасы.


Соңғы жаңалықтар