Ұлттық банк инфляцияның өсуіне түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі инфляция үрдістеріне түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

«Негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Қытайда көмір мен энергияны көп қажет ететін салалар өніміне бағаның жоғарылауы нәтижесінде өндірушілер бағасының индексі 10,7%-ға дейін өсті. Биылғы қыркүйекте ЕО-да жылдық инфляция 3,6%-ға дейін, Ресейде – 7,4%-ға дейін жылдамдап, жылдамдауын жалғастыруда. Мұны жылдық мәнде 7,8%-ды құраған қазандағы апталық инфляция көрсетіп отыр», - делінген ҰБ мәліметінде.

Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 8,9% болды. Үдеу барлық құрамдас бөліктерде байқалды. Тамақ өнімдеріне бағаның өсуі (8,9%-дан 4,5 п.т.) жылдық инфляцияның жылдамдауына негізгі үлес қосуда.

«Азық-түлік инфляциясы жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан, 2021 жылғы қыркүйекте жылдамдауын жалғастырып, жылдық мәнде 11,5% болды. Жем-шөп дақылдары, дизель отыны, электр энергиясы және бидай бағасының көтерілуі кезінде өндірушілердің өзіндік құнының өсуі нәтижесінде ет (10,3%), нан-тоқаш (8,7%) және сүт өнімдері (8%) бағасының жылдық өсуі азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне негізгі серпін болды. Әлемдік бағаның өсуі қосымша инфляцияға қарсы қысым көрсетеді. Мәселен,

2021 жылғы қыркүйекте етке ФАО индексі жылдық мәнде 26,3%-ға дейін, сүт өнімдеріне – 15,2%-ға дейін өсті, ал бидайға әлемдік бағаның өсуі 41% болды», - деп аталып өткен хабарламада.

Бұдан бөлек, 2021 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 7,5% болды. Осы жылдамдауға үй тұрмысындағы заттар, киім-кешек пен аяқ киім, жанар-жағармай (ЖЖМ) мен қатты отын бағасының жылдық өсуі негізгі үлес қосады.

«Киім-кешек пен аяқ киім бағасы импорттық тауарлар бағасының жоғарылауына, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне байланысты артуда. Өз кезегінде, өзіндік құнның өсуіне және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты ЖЖМ мен қатты отын бағасы артты», - делінген Ұлттық банк ақпаратында.

Ақылы қызметтер инфляциясы 2021 жылғы қыркүйекте 6,8%-ға дейін жылдамдады. Динамика реттелетін қызметтер бағасының – 5,6%-ға, білім беру қызметтері бағасының –

8,4%-ға және тұрғын үйді жалға алу бағасының – 18,6%-ға өсуіне негізделген. Реттелетін қызметтер арасында қыркүйекте электр энергиясы бағасының 8,3%-ға және сұйытылған газ бағасының 6,4%-ға өсуі байқалды.


Соңғы жаңалықтар