Ұлттық банк: Инфляция нысаналы дәлізден асып, азық-түлік қымбаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Наурызда инфляция нысаналы дәлізден 0,4 пайызға асып кетті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылғы наурызда әлемде коронавирустық инфекция пандемиясының таралуы және мұнай бағасының екі есе төмендеуі аясында Қазақстан үшін сыртқы жағдайлар біршама нашарлады. Бастапқы сыртқы күтілмеген өзгерістің Қазақстанның қаржы нарығына әсерін шектеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін биылғы 10 наурызда базалық ставка +/-1,5 п.т. пайыздық дәлізімен 12 пайызға дейін өсті. Сыртқы жағдайдың күшейген салдарынан қалыптасқан айырбастау бағамы импорттық арна бойынша бағаға ауысу әсері арқылы проинфляциялық тәуекелдерді күшейтеді», - деді ол.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай кезінде осы жылғы наурызда жылдық инфляция 2020 жылға белгіленген 4-6 пайыз нысаналы дәлізден асып, 6,4 пайызға дейін көтерілді.

«Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік тауарларының қымбаттауы қосты. Олардың өсуі 9,3 пайызға дейін жылдамдады. Мұндай динамика, бір жағынан, көкөністер бағасының науқандық өсуінен, ал екінші жағынан карантиннің енгізілуіне байланысты тосын сұраныстан туындады. Осы жылғы наурызда басқаларға қарағанда қант – 8,5, көкөністер мен жемістер – 5,1, қарақұмық жармасы – 2,5 пайызға қымбаттады. Соның нәтижесінде осы жылғы наурызда азық-түлік тауарларының айлық инфляциясы 2017 жылдан бергі барынша жоғары мәнге жетіп, 1,7 пайыз болды», - деді Ерболат Досаев.

Оның дерегінше, азық-түлікке жатпайтын тауар бағасы жылдық көрсетуде 5,5 пайызға өсті.

«Ақылы қызмет бағасының өсу қарқыны реттелетін коммуналдық қызметтің өткен жылғы төмен базасы әсерінің аяқталуы аясында 3,5 пайызға дейін үдеді. Көлік, байланыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жекелеген қызмет тарифтері артты», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар