«Үлкен Еуразия» мега-жобасы зерттеуді қажет етеді - Президент

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – «Үлкен Еуразия» мега-жобасы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық форумының жалпы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Владимир Владимирович Путин (Ресей Федерациясының Президенті – авт.) өте қызық ұсынысты айтып, оны тиісті түрде тұжырымдап өтті. Бұл тұрғыда «Үлкен Еуразия» мега-жобасы ескеріліп отыр. Шын мәнінде, бұл жоба тыңғылықты зерттеу мен талқылауға лайық болып тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент алдағы уақытта бұл ұсынысты жүзеге асыруға қатысты талқылау болуы мүмкін екенін айтты.

«Сонымен қатар Ресей Президенті тарапынан интеграция процесіне басқа да мүдделі елдерді қосу туралы орынды ұсынысы айтылды. Бұл ретте Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы туралы, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі интеграция процестеріне қосылуға қызығушылық танытқан басқа елдерді де айта аламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Мұнымен қоса Қазақстан Президенті қаржылық мәселелерге де тоқталып өтті.

«Қаржылық өзара қарым-қатыныстарға байланысты күрделі мәселеге қатысты тоқталсақ, бұл тақырып бойынша жақында Владимир Владимирович Путинмен тыңғылықты келіссөздер болды. Осы орайда тиісті уағдастықтарға келіп, Қазақстан Үкіметі тарапынан қажет шаралар қабылданды. Сондықтан бұл бағыта проблема жоқ деп санаймын. Бұл жағдайда бір-бірімен жақын орналасқан Ресей мен Қазақстан сияқты мемлекеттер тиісті шешімдерді таба алады және алдағы уақытта да лайықты шешімді жасауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды.

Қырғызстан Президенті «Ақ кеме» мәрмәр шатырында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алды.

Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары барысында бірқатар құжатқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар