ҰҚШҰ қорғаныс министрлері қауіп-қатерлерге жауап беру тетіктерін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлер мен оларға жауап беру мәселелерін талқылады. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, бейнеконференция режимінде өткен отырыста ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлер, оларға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде пікір алмасу болды. Бұдан бөлек, дағдарысқа қарсы ден қою жүйесін жетілдіру және ұйым шеңберінде бітімгерлік әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды.

«16 мамырдағы саммитте Қазақстан Президенті атап өткендей, ҰҚШҰ-ны Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне қосу бойынша жұмысты жандандыру қажет деп санаймыз. Бұл ҰҚШҰ-ның құқықтық субъектілігін нығайтып қана қоймай, бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық операцияларға іс жүзінде қатысу арқылы ұйымның бітімгерлік әлеуетін дамытуға қызмет етеді», – деді Қазақстан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдарын бірлесіп даярлау және күштері мен құралдарын жасақтаудың 2023 жылға арналған жоспары қабылданды. Радиоэлектрондық күрес мамандықтары бойынша әскери кадрлар даярлау жөніндегі базалық оқу-әдістемелік және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің радиоэлектрондық күресті дамыту проблемаларын зерттеу саласындағы базалық ғылыми-зерттеу ұйымы туралы ережелер бекітілді.

ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысын 2022 жылдың екінші жарты жылдығында Армения Республикасында өткізу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар