ҰҚШҰ елдерінен 5 тоннадан астам есірткі тәркіленді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерден есірткіге қарсы операция барысында 5 тоннадан астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер арасында өткен «Канал – Гранитный бастион» деп аталған операция барысында құзырлы органдардың көмегімен 5 036,6 келі есірткі тәркіленді.

ҰҚШҰ-ның баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдиновтің айтуынша, субаймақтық есірткіге қарсы операциясы 21-25 маусым аралығында өтті. Мақсат – ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұйымға мүше елдерде жаңа психоактивті заттар, апиын мен басқа да есірткі түрлерінің таралауын болдырмау мақсатында өзара тығыз байланыста жұмыс істеу.

Операцияны өткізу бойынша халықаралық үйлестіру штабы Тәжікстан астанасы Душанбеде орналасты. Аталған іс-шараға ҰҚШҰ-ға мүше елдердің құқық қорғау, шекара қорғау, кеден құрылымдары, қауіпсіздік қызметтері мен мемлекеттік қаржыны барлау бөлімшелері қатысты.

Айтулы шараға 14 300-ден астам құзырлы орган қызметкерлері тартылды. Тәркіленген есірткілердің ішінде 4,8 келі апиын, 11 келіден астам гашиш, 3,5 келіден астам героин, 5 тоннадан астам марихуана және 17 келіден астам синтетика есірткі болды.

Сондай-ақ, 543 есірткі қылмысы, сонымен қатар 3 есірткі сатудан түсетін табысты заңдастыру фактісі анықталды. Олар есірткіден түскен 3,43 млн рубль табысты заңдастырғысы келген. Нәтижесінде 379 адам жауапқа тартылып, 83 қару мен 1 276 оқ-дәрі тәркіленді.

Сол секілді есірткіге қарсы операцияның өту барысын бірнеше халықаралық ұйымдар бақылады.

Еске сала кетсек, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Станислав Засьті қабылдады .

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның алдағы дамуына байланысты бірқатар ұсыныстар айтып, Қазақстан тарапының ҰҚШҰ шеңберінде саяси ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және оның әлеуетін арттыруға дайын екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар