ҰҚШҰ биыл күзде Қазақстанда әскери оқу жиынын өткізеді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Биыл күзде Қазақстанда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының аясында әскери оқу жиынын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ұйымның мерейтойлық саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезеңде ҰҚШҰ қызметін әрі қарай жетілдіру және оның басшылық құрылымдарын оңтайландыру мәселесі - бірінші кезектегі маңызды шаруа екені толығымен қисынды. ҰҚШҰ ұжымдық күштерін заманауи қарумен және техникамен жарақтандыру, жауынгерлік контингенттің оперативті сәйкестігін ұлғайту, біздің әскери құрылымдар мен арнайы қызметтердің бірлескен әрекетінің үйлесімділігін жақсарту мәселелерімен де айналысамыз. Тиісті мәселелер тұрақты негізде ҰҚШҰ желісі бойынша өтетін әскери оқу жиындарында пысықталып отырады. Ол оқу жиынын біз әрі қарай кеңейтуге ниеттіміз», - деді Ресей Президенті.

Оның айтуынша, биыл күзде аталған ұйымға мүше үш елдің аумағында әскери оқу жиыны өтеді.

«Биыл күзде Қазақстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда біздің ұйымның оқу жиындарының тұтас сериясын өткізу жоспарланған. Бұл шаралар мемлекеттеріміздің әскери дайындығы мен әскери құрылымдарының үйлесімділігінің артуына, жалпы бітімгерлік әлеуеттің күшеюіне мүмкіндік туғызатынына сенімдімін», - деді Владимир Путин.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өтетін мерейтойлық саммитке қатысу үшін Мәскеуге барғаны хабарланған еді.

Саммитке ұйымға мүше елдердің басшылары қатысады деп жоспарланған.

2022 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения Республикасы төрағалық етіп жатыр.

Жиын барысында ҰҚШҰ-ның даму болашағы талқыланып, ұйымның мерейтойына арналған мәлімдеме қабылданды.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚТ) 1992 жылғы 15 мамырда Ташкентте қол қойылды.

2002 жылғы 14 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Мәскеуде өткен сессиясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың тетіктері мен құрылымдарын халықаралық аймақтық ұйым – «Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымға» өзгерту, оған тиісті мәртебе беру туралы шешім қабылдады. 2003 жылғы 18 қыркүйекте ҰҚШҰ Жарғысы өз күшіне енді.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан кіреді.


Соңғы жаңалықтар