Украинада кинотеатрлар 2 шілдеден бастап ашылады

None
None
КИЕВ. Укринформ - ҚазАқпарат - Украинада кинотеатрлар 2 шілдеде жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Укринформ агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл жөнінде кеше Жоғары Рададағы гуманитарлық және ақпарат саясаты комитетінің кинематография мен жарнама бөлімінің төрағасы Павел Сушко Telegram арнасында мәлім етті.

Бұл шешім елдің мәдениет және ақпарат саясаты министрі Александр Ткаченко және денсаулық сақтау министрі Максим Степановпен кездесуден кейін қабылданған.

«Кинотеатрларды ашу мәселесін талқыладық. Алдын ала болжам бойынша, кинотеатрлар 2 шілдеден бастап есігін айқара ашады» деп жазды Сушко.

Оның айтуынша, жаңа фильмдер болмағандықтан кинотеатрлар 10 маусымнан бастап ашыла алмаған. Өйткені Министрлер кабинеті карантинді жеңілдетудің кезекті сатысында дәл осы датаны белгілеген еді.

«Кинотеатрларға сондай мүмкіндік берілсе де, олар оны пайдалана алмады. Шілдеде де көрерменді немен қарсы алатынын білмей отыр. Ал егер олар ашылатын болса, онда олар бүкіл қуатын 100 пайыз іске қосуы тиіс. Бұл дегеніміз персонал мен техникалық қамту түгел жұмысқа шығады, сөйтіп кинотеатрлар барлық шығынды мойнына алады деген сөз. Сәйкесінше индустрия онсыз да карантиннен кейін титықтап тұрғанда табыссыз жұмыс істейді. Бұл мәселені денсаулық сақтау министрлігінде көтердік. Осыған қатысты кинотеатрларды біртіндеп іске қосу жөніндегі өз ұсыныстарымды бердім» деп атап өтті парламентарий.

Еске сала кетейік, Украинада карантин 12 наурызда енгізілген болатын.


Соңғы жаңалықтар