Үкіметтің алдында тұрған міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңесте отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген қиындықтар мен дағдарыстар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын тағы да атап өтті. Айтарлықтай жетістіктеріміз де бар. Мәселен, екі бірдей отандық вакцина келешегі зор әлемдік биоқұралдардың қатарына енгізіліп, қазіргі уақытта оларға клиникалық зерттеулер жүргізілуде.

– Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президент барша азаматтарды тәртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды. Ең алдымен, бұл барша қазақстандықтардың денсаулығы үшін қажет. Мемлекет басшысы дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген барша азаматтарға ризашылығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар