Үкіметте Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы таныстырылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірледі. Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге халықаралық FAO ұйымының сарапшылары тартылды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды:

- еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру;

- отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі;

- өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту;

- 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

«Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін негізгі факторлар айқындалды.Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген. Техникалық жарақтандырылу деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғастырылады, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бағдарламалары кеңейтіледі. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар