Үкімет үйінде қазіргі геосаяси ахуалдың Қазақстан экономикасына әсері талқыланды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Үкімет үйінде қазіргі геосаяси ахуалдың Қазақстанның инвестициялық ахуалына, логистика және банк саласына әсері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Онда халықаралық экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды.

Іс-шараға ҚР америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдбери, Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Кэти Лич, Еуропалық одақ делегациясының Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас, ЕҚДБ-ның Қазақстан бойынша директоры Хусейн Ожан, ЭЫДҰ Еуразиялық бөлімшесінің басшысы Уильям Томпсон, NCOC басқарушы директоры Оливье Лазар, «АрселорМиттал Теміртау» бас атқарушы директоры Биджу Наир, Philip Morris International өңірлік директоры Хуан Карлос Эскобар, сондай-ақ ҚР орталық мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Отырысқа қатысушылар қазіргі геосаяси ахуалдың Қазақстанның инвестициялық қоғамдастығына, логистика және банк ісіне әсерін талқылады.

Бүгінгі таңда көлік-логистика жүйелері Халықаралық экономикалық қатынастардың ең осал секторы екені атап өтілді.

Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрі сыртқы экономикадағы күйзелістерге қарамастан, Үкіметте ықтимал дағдарыстық құбылыстарды еңсеру үшін барлық қажетті құралдар мен ресурстар бар екенін атап өтті.

«Бүгін айтылған барлық ұсыныстар пысықталып, Үкімет жұмысында ескерілетін болады», — деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар