Үкімет полиэтилен өндірісін дамыту үшін стратегиялық серіктес іздеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салынуы мүмкін. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында осы жоба туралы мәлімет келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт жобасына әлеуетті стратегиялық әріптес іздеп жатырмыз. Ол үшін инвестордың лицензиялық технологиясы мен өткізу нарығы (off-take келісімшарт) және қаржыландыруды ұйымдастыру мүмкіндігі болуы керек. Соның негізінде компаниялар тобы құрылды. Бүгінде Sabic, Chevron және тағы басқа компаниялармен келіссөз басталды», - деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.

Ол, сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп, жылына құрғақ газдан 9,7 млрд текше метр этан алатын өндірістің инфрақұрылымын салу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды. Оны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, осы жоба бойынша 2021-2022 жылдары стратегиялық әріптесті айқындау және оны іске асыруға кірісу міндеті тұр. Циклогексан шығару жобасы бойынша жеке инвестор АМӨЗ-ден бензолды циклогексанға (қуаты жылына 150 мың тонна) қайта өңдеу жөніндегі жобаны іске асыруды көздеді. Алайда, пандемияға байланысты инвестор бұл жобаны қарауды тоқтатты», - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда келесі бір жеке инвестор жобаның бірқатар тұсын өзгертіп, бензолды қайта өңдеу мәселесін зерттеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар