Үкімет: Отандық азық-түлікпен қамтамасыз етудің кешенді жоспары қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елді азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз ету әрі сапалы өнімді өндіру маңызды мақсаттың бірі. Барлық ресурстарды назарға алсақ, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешендегі әлеуеті жоғары мемлекет ретінде есептеледі. Сәйкесінше, еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар. Осы орайда бүгін өткен Үкімет отырысында жауаты министрліктер бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында талқылады.

20 млн тонна астық бастырылды

Қазіргі кезде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау бойынша жалпы егін жинау алаңы 99,5 пайызға аяқталып отыр. Республика бойынша егін жинау алаңы 15,8 млн гектарды құрады, гектарына 12,8 центнер орташа өнімділікпен 20 млн тонна астық бастырылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзіне қарағанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің алынған көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді.

«Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталғанын атап өту керек. Бұған қолайлы ауа-райы жағдайлары мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті. 2019 жылмен салыстырғанда элеваторларға 1 млн тоннаға көп астық әкелінді. Бұл ретте келіп түскен астықтың 80 пайызының сапалық сипаттамалары жоғары, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 54,4 пайызды құраған болатын», - деді С. Омаров.

Айта кетейік, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молайтуға қатысты Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндетін алға қойды.

Жалпы, ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 12 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100 пайызға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз және одан астам. Бұл халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымы – ФАО-ның сыныптамасы бойынша өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі болып саналады.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту шараларын іске асыру қажет. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Осы бағытта ҚР АШМ Ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды.

Сондай-ақ Сапархан Омаров алма тапшылығын толығымен жабатын мерзімді атады.

«Алмаға деген қажеттілік көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 128 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықты 6,6 мың гектар жаңа қарқынды бақтар отырғызу есебінен молайту болжанып отыр. Жаңа бақтар отырғызуды негізгі бақ шаруашылығымен айналысатын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына, Шымкент қаласына шоғырландыру ұсынылады. Аталған өңірлер бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту қажет. Алдағы 3 жылға арналған отырғызу алаңы 5,5 мың гектар болатын жоба пулы бар. Жоспарланған алаңдар жобалармен қамтамасыз етілмеген өңірлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажет. Бұл жерде Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында 5 мың гектар бақ отырғызуды көздеп отырған «Гокнур Гида» түрік компаниясымен жобаны іске асыруының маңыздылығына ерекше назар аударғым келеді», - деді ведомство басшысы.

Толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, жылына орта есеппен 2 - 2,2 мың гектар бақ отырғызу алма тапшылығын толығымен жабуға және 2024 жылы толық өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Теңіз балығын импорттап жүрміз

Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,5 мың тоннаға жуық, экспорт – 30 мың тонна, сондай-ақ импорт - 43,5 мың тонна.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі. Бұл ретте, импортты алмастыру мақсатында Қазақстанда албырт, бекіре балықтарын өсіріп, Каспий теңізінде майшабақ тәрізді балықтарды аулау қажет.

«Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен 60 млн АҚШ доллары сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Сонымен қатар, біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай әлеуетті нарықтар бар. Атап айтқанда, Ресей мен Қытайда балық өнімдеріне сұраныс жоғары деңгейде. Бұл екі елдегі бізбен шекаралас аудандарының нарығы 3 млн тоннаға дейін жетеді», - деді Мырзағалиев.

Атап айтқанда, еліміздің балық өсіру әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сарапшылардың пікірі бойынша 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады. Қазақстанда барлығы 40 мыңнан астам су айдыны (өзендер, көлдер) бар. Оның ішінде шамамен үш мыңы балық шаруашылығына арналған су айдындарының тізіміне енгізілген. Олардың 49 пайызы бизнестің қарамағында, ал 51 пайызы әлі бекітілмеген. Бұдан басқа, 300 су қоймасы бар. Олардың негізгі бағыты - өсімдік өсіруге қажетті сумен қамтамасыз ету. Алайда, осы су айдындарында балықтың әлеуеті баршылық болғанымен, әлі ашылмаған

Осы орайда М. Мырзағалиев әкімдіктерге балық өсіру әлеуетін ескере отырып, су айдындарын бизнестің қарамағына беру бойынша және балық өсіруге жаңа перспективалы су айдындарын анықтау үшін инвентаризация жұмыстарын жүргізуді сұрады.

«Ішкі нарық тұщы суда өсетін балықтарымен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Ал импорттың 95 пайызын теңіз және мұхит балықтары құрайды. Мен бұдан бұрын айтып өткендей, бекіре және албырт тұқымдас балық түрлерін өсіру арқылы импортты алмастыруға болады», - деді министр.

Инвестициялық жобалардың есебінен 2024 жылы нарықты бекіре балықтарымен қамтамасыз ету 10,2 пайыздан 65 пайызға, ал албырт балықтары бойынша 6 пайыздан 86 пайызға жеткізу ескерілген.

Үкімет басшысының тапсырмасы

Мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында қазіргі кезде азық-түлік тауарларының 23 (29-дың ішінде) негізгі түрі бойынша біз өзімізді ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл ең алдымен жеміс-көкөніс, жарма, ұн, ет өнімдері және басқалар. Өнімдердің қалған 6 түрі, атап айтқанда алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант пен құс еті бойынша өндірісті ұлғайту үшін келесі 3 үш жылдың ішінде жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын іске қосу жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдап, алма бақтарының ауданын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте, ішкі нарықты осы азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин тиісті сақтау инфрақұрылымы мен дистрибуциясы бар Ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылып жатқанын еске салды.

«Бұл өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау шарттарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісін және маусымаралық кезеңде нарықта оның санын арттыруға мүмкіндік береді және де экспортты біршама ұлғайтады. Сауда министрлігі осы жұмысты жалғастыруы керек, ал әкімдіктер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен сауда орындарының тауар өткізуші жүйенің инфрақұрылым объектілерімен байланысын қамтамасыз етіңіздер. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың барлық қажетті шаралары көрсетілуде, субсидиялар беріліп жатыр, жеңілдікпен кредит беру және салықтық преференциялар көзделген», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, осы қолдау шараларының арқасында биылғы 8 айда тамақ өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға инвестициялар өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артып, 54,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 5 трлн теңгеден астам инвестиция тартып, 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл азық-түлік тауарларының басым түрлері бойынша 7 экожүйені (ет, балық, жеміс және көкөніс, қант, дәнді, майлы, сүт өнімдері) қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі ішкі және сыртқы нарықта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырды.

«Жалпы ұсынылған тәсілдерді мақұлдау қажет деп есептеймін. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі бір ай ішінде нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молайту жөніндегі кешенді жоспарды қабылдасын», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Осы орайда А. Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, ішкі нарықта жетіспейтін өнімдер өндірісін ынталандыру жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мәселелерін пысықтап, бұл ретте балық шаруашылығы саласын дамыту жоспарларын ескеруді тапсырды.

«Өңірлердің әкімдері осы жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алсын және қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ шикізаттан бастап экспортқа дейін барлық мәселелерді инвесторлармен пысықтасын. Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, өндірісті кеңейту жөніндегі межеленген жоспарларды ескере отырып, қажетті логистиканы қамтамасыз ету әрі ішкі және сыртқы нарықта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдасын», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар