Үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шараны іске асырады – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтің басты міндеті жұмыспен қамту шараларына негізделген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда жаһандық дағдарыс болып жатыр. Коронавирус пандемиясы мен шикізат ресурстарына сұраныстың төмендеуі экономикалық белсенділіктің күрт бәсеңдеуіне алып келді. Осының барлығы еліміздің экономикасының дамуына және жұмыс орындарына, халықтың табысы мен әл-ауқатына теріс әсер етуде. Осындай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы мәлімдемесінде алдағы қадамдарды анықтап, қазіргі экономикалық жағдайда азаматтар мен бизнесті қолдау бойынша нақты міндеттерді айқындады», - деді Премьер-Министр.

Бұл тұрғыда Асқар Мамин Үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды іске асыратынын атап өтті.

«Біріншіден, біздің басты міндетіміз жұмыспен қамтуға негізделген. Сондықтан жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы қабылданды. Ол әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту және дамыту, елді мекендерді абаттандыру арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Жол картасының іс шараларына қажетті қаржы көлемі 1 трлн теңгеге ұлғайтылды. Бұл 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орынын құруға мүмкіндік береді. Бұған жобалар іске асырылатын кезде құрылатын уақытша жұмыс орындары ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құру да кіреді», - деді Асқар Мамин.

Осы орайда ол жұмыспен қамту жол картасын іске асыру инфрақұрылымды жаңғырту мен тиімді активтерді құрудың негізі болуы тиіс екенін тапсырды. Себебі олар болашақта дамудың негізіне айналады.


Соңғы жаңалықтар