Үкімет басшысы: Мониторинг топтарының жұмысын күшейту керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды жақсарту үшін тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Барлық өңірде 2 тамыздан бастап күшейтілген шектеу шаралары күшіне енді. Қабылданған барлық карантин талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет», - деді Асқар Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, Үкімет басшысы Ashyq жобасы бизнеске карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырғанын еске салды.

«Өңір әкімдері мен Денсаулық сақтау министрлігі барлық ауруханалардың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалар мен ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының жеткілікті болуын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктері мониторинг топтарының санитарлық-эпидемиялық нормалардың бұзылуын бақылау және анықтау бойынша жұмысын күшейтсін», - деді А. Мамин.

Бұған дейін Премьер-Министр халықты вакциналау жұмыстарын жалғастыруды тапсырған еді.

Елімізде вакцина салынуы тиіс халықтың 55 пайызы екпе алды.


Соңғы жаңалықтар