Үкімет басшысы министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ішкі және сыртқы нарықта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы ұсынылған тәсілдерді мақұлдау қажет деп есептеймін. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі бір ай ішінде нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молайту жөніндегі кешенді жоспарды қабылдасын», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Осы орайда А. Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, ішкі нарықта жетіспейтін өнімдер өндірісін ынталандыру жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мәселелерін пысықтап, бұл ретте балық шаруашылығы саласын дамыту жоспарларын ескеруді тапсырды.

«Өңірлердің әкімдері осы жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алсын және қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ шикізаттан бастап экспортқа дейін барлық мәселелерді инвесторлармен пысықтасын. Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, өндірісті кеңейту жөніндегі межеленген жоспарларды ескере отырып, қажетті логистиканы қамтамасыз ету әрі ішкі және сыртқы нарықта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдасын», - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, А. Мамин ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне алғыс айтты.



Соңғы жаңалықтар