Үкімет басшысы: Ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуді уақтылы шешу қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесін уақтылы шешуді жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдай кезінде интернетпен тұрақты түрде қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында. Қазіргі жағдайда интернет халықтың негізгі байланыс арнасына айналды. Ол сондай-ақ электронды сауда, онлайн-оқу, электрондық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау, қаржы және экономика, басқа да салаларда маңызды құрал болып отыр. Белсенді пайдаланушылар қатары артып келеді. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында интернет желісін пайдаланушылардың үлесі 88 пайызға дейін, ал цифрлық сауаттылықтың деңгейі 83 пайызға жетеді», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министр бұл міндеттерді осы жылдың соңына дейін жүзеге асыру – 5163 елдімекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Нәтижесінде ауылдарда 7,6 миллионнан астам адам онлайн білім алуға, электронды саудаға қол жеткізеді. Осыған орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс орталықтарымен бірлесіп, жоспарланған елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобаларын уақтылы іске асыру үшін барлық шараны қабылдауды тапсырамын. Әкімдіктерге антенналық-мачталық құрылыстарды салуға және байланыс желісін тартуға жер бөлуді, электр желісімен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуді жүктеймін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар