Үкімет басшысы әкімдіктерге көтерме-тарату орталығын салуға жер бөлуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдіктердің бәріне көтерме-тарату орталығын салу үшін арнайы жер учаскесін бөлуді міндеттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көтерме-тарату орталықтары кешенін құру жұмысы жеміс, көкөніс өндірісін арттырудың, оның ішінде суармалы жерлерде өнім өсіру көлемін арттырудың негізгі факторына айналады. Азық-түлік сақтау және таратудың жаңа технологиясы жасалады. Ұлттық тауар жүйесін құру жобасы 2022 жылға дейін үш кезеңде іске асырылады. 24-тен аса көтерме-тарату орталығы салынады. Бұл шамамен 4,8 млн тонна агроөнімді сақтауға, өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында, сондай-ақ қосымша Жамбыл облысын көреміз – бірнеше көтерме-тарату орталығы іске қосылады», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы сонымен қатар жасалып жатқан инфрақұрылым жиналған жеміс, көкөніс өнімдерінің 100 пайыз сақталуына қамтамасыз етуге және шығынды азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді өз өндірісін ұлғайтуға ынталандырады. Өнімнің сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, барлық өңірде көтерме-тарату орталығы желісінің болуы – маусымаралық кезеңде азық-түлік тапшылығы мәселесін де шешеді. Нарықта өнім жеткілікті болса оның бағасы өспейді. Бесіншіден көтерме-тарату орталықтарын іске қосқанда бірінші кезеңнің өзінде баға белгілеудің ашықтығы және тиімді сауда механизмдерінің арқасында біз аграрлық өнім бағасы 25 пайызға дейін төмендейтінінін болжап отырмыз», - деді ол.

Асқар Мамин бұл ретте жұмысқа цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын да ерекше атап өтті.

«Сондықтан нақты мынадай тапсырма беремін: біріншіден әкімдіктер көтерме-тарату орталықтарына жер учаскелерін беріп, оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізуді тапсырамын. Сондай-ақ кеңейту және жаңа өндірістерді құруға жеке секторды тарту мүмкіндігін қарастыру қажет. Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, көтерме-тарату орталықтарының бірінші кезеңін іске қосуды қамтамасыз етсін. Үшіншіден Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен өнімді көтерме-сауда орталықтарына жеткізу мәселесін пысықтасын», - деді Асқар Мамин.

Еске сала кетсек бұған дейін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов биыл Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған 5 көтерме-тарату орталығын салу көзделіп отырғанын мәлім еткен еді.



Соңғы жаңалықтар