Үкімет Бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бәсекелестікті дамытудың жаңа тәсілдері жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адал бәсеке - еліміздің жаңа экономикалық бағдарының негізгі болатын басты қағидаттардың бірі екенін Мемлекет басшысы атап өткен. Сондықтан бәсекелестіктің ұзақмерзімді жаңа саясатын жасаудың маңызы зор. Бұл бәсеке мен «жұмсақ құқық» құралдарын кеңінен қолдану үшін неғұрлым жетілдірілген жағдайлар жасауды талап етеді, мұның өзі заңнаманы бұзу қаупін төмендетеді. Президент тапсырмаларын іске асыру үшін бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша Заң жобасы әзірленді, ол бойынша 4 кодекс пен 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», - деді А. Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұл заң жобасында бәсекелестікті дамытудың базалық экономика салаларында, тауар нарықтарының, атап айтқанда, байланыс, теміржол жүк және жолаушылар тасымалы, әуежай қызметтері, агроөнеркәсіп кешені, көмір, фармацевтика, құрылыс және тағы да басқа нарықтарының жұмыс істеуінде бәсекелі ортаны кеңейтуге бағытталған жаңа тәсілдері көзделеді.

«Осыған байланысты келесі мәселелерге назар аударғым келеді. Бірінші, бәсекелестікті дамыту – биржалық сауда құралдарын дамыту және негізгі инфрақұрылымдық қуаттарға қол жеткізу шарттарын кеңейту арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Нарық субъектілерінің осы қуаттарға қол жеткізуі қаншалықты арзан, әрі жеңіл болса, соңғы тұтынушы үшін баға да соншалықты төмен болмақ. Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі биржа арқылы жұмыс істемейтін субъектілердің шектеулі ресурстарына қол жеткізу шарттарын әзірлеу қажет», - деді Премьер-Министр.

Екіншіден, Үкімет басшысы қазіргі уақытта бірыңғай операторлар құру жолымен нарық субъектілеріне айрықша құқық бекітіп беру практикасы қалыптасқанын еске салды.

«Бұл бәсекені шектейді. Мемлекет басшысының қандай да бір айрықша құқық берілген кәсіпкерлік субъектілерін құруға мораторий енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде агенттік әртүрлі салалардағы мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу нормаларын қайта қарауы қажет. Үшінші, ұсынылған Заң жобасы жаңа тәсілдерді іске асыруды қамтиды және бәсекенің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік және экономикалық шектеулерді жоюға бағытталған. Заң жобасында ұсынылатын шараларды іске асыру таяу перспективада мемлекеттің ел экономикасына қатысу үлесін 14% дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан ұсынылып отырған тәсілдерді мақұлдап, осы заң жобасы үшін дауыс беруді сұраймын», - деді Асқар Мамин.

Үкімет отырысына қатысып отырған барлық 22 адам дауыс берді. Қалыс қалғандар жоқ.

«Шешім қабылданды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Заң жобасын Парламентте енгізуді қамтамсыз етсін. Бақылау Әлихан Асханұлына жүктеледі», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар