Үкімет 6 млн адам еңбек ететін салалардың жандануын көздейтін жоспарды мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында 2020 жылдың соңына дейін еліміздің экономикалық өсімін қалпына келтіруге бағытталған кешенді жоспар мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ұсынылып отырған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспар іскерлік белсенділікті жандандыруға, халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсетуге және олардың табысын арттыруға бағытталған жүйелік және салалық шараларды қамтиды. Құжат жобасы мүдделі тараптардың барлығымен және бизнеспен, оның ішінде «Атамекен« ҰКП-мен, салалық бизнес өкілдерімен мұқият талқыланды. Кешенді жоспарды іске асыру сыртқы орта тигізетін келеңсіз әсерді барынша азайтуы, аса маңызды салалардың бәрін және отандық бизнес қызметін жандандыру бойынша практикалық шараларды қамтуы тиіс», - деді отырысты қорытындылаған Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Оның атап өтуінше, ұсынылып отырған шаралар бизнес пен микробизнесті қаржыландыру және жеңілдікпен кредит беру тетіктерін айтарлықтай кеңейтуді, кепілдік беру және экспорттық шығындарды өтеу құралдарын белсенді қолдануды көздейді. Сонымен қатар форвардтық және ұзақмерзімде өтеу келісімшарттар практикасы қолданылатын болады. Салық жүктемесі азайтылады. Салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі. Салықтар мен қарыздар бойынша преференциялар қолданылып, төлеу мерзімі шегеріледі. Кейбір айыппұлдар мен алымдар алынып тасталады. Әкімшілік кедергілер азайтылады.

«Тұрғын үй құрылысы нарығындағы сұранысты ынталандырудың, отандық өндірістің және қызмет көрсету саласын қолдаудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Жалпы, кешенді жоспарда көзделген шаралар бірқатар саланың белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл салаларда 6 млн адам жұмыспен қамтылған. Осы жоспарды мақұлдаймыз. Мемлекеттік органдардың және ұйымдардың бірінші басшыларына, өңірлердің әкімдеріне жоспардың іс-шараларын белгіленген мерзімде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Преьер-Министрдің орынбасарлары барлық бағыттар бойыншаіс-шараларды бақылауға алыңыздар», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар