Уханьнан тағы бір қазақстандық студент эвакуацияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Уханьнан тағы бір қазақстандық студент эвакуацияланды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше сағат 22-30-да Алматы қаласының халықаралық әуежайына Украина әуе желілерінің бортында 91 жолаушысы бар ұшағы Қытайдың Ухань қаласынан келіп қонды. Олардың арасында Ухань технологиялық университетінің 3 курсында оқитын біздің студент қызымыз да бар. Ол Алматы қаласына эвакуацияланып, ұшақ ары қарай ұшып кетті. Алматыда оны қарсы алып, барлық профилактикалық шаралар жүргізілді. Дене қызуы болған жоқ, денсаулығы қанағаттанаралық, ешқандай шағымы жоқ. Алдын алудың барлық нормалары сақтала отырып, ол Алматының көпбейінді клиникалық ауруханасына жеткізілді. Сол жерде дәрігерлердің қарауында 14 күн карантинде болады», - деді ол.

Диас Ахметшәріптің айтуынша, студент қыздан коронавирус белгілері анықталған жоқ. Ауруханаға жеткізілген соң барлық қажетті сараптамаларды тапсырады.

«Екінші студент қыз да осы рейспен ұшып келуі тиіс болатын. Бірақ, ұшаққа отырғызар сәтте оның дене қызуы 37 градус екендігі анықталды және қытай билігі оны бортқа жібермеді. Себебі бұл Қытай билігі тарапының стандартты шарасы саналады. Әзірше, ол Ухань қаласында. Біз оның денсаулығын қадағалап отырамыз», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар