Уфук Экиджи: Қазақстан Түркия үшін қызығушылығы басым ел болып қала береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл еліміз үшін ерекше мерейлі жыл - ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осы тарихи кезең ішінде Қазақстан кемеліне келіп, әлем елдерімен, соның ішінде бауырлас елдермен жоғары деңгейде қарым-қатынас орнатты. Бұл тұрғыда Түркия Республикасының алар орны ерекше. Сонымен қатар, наурыз айында Түркия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 29 жыл толып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи мырзамен әңгіме болған еді.

- Биыл Қазақ елі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқылардың бірі болып таныған бауырлас ел өкілі, елшісі ретінде қандай тілек тілейсіз?

- Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өтеміз. Тілге тиек еткеніңіздей, Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел - Түркия. Сондай-ақ, осы наурыз айында Түркия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 29 жыл толады. 30 жыл адам өмірі үшін ұзақ болуы мүмкін, бірақ ұлт пен мемлекет үшін бұл қысқа бір уақыт. Осы 30 жылдық ғұмырында жас Қазақстан Республикасының үлкен жетістіктерге жеткенін және үлкен істер атқарғанын көріп отырмыз.

Қазақстан - жас мемлекет, бірақ осы 30 жылдық тәуелсіздіктің артында терең тарихтың жатқанын білеміз. Қазақ мемлекеттігінің Көк түрік мемлекетіне немесе сіздің тілбен Түрік қағанатына ұласқан және одан ертеректен бастау алған тамыры терең тарихқа ие екенін бәрінен бұрын біз, түріктер жақсы білеміз. Себебі, бұл тарихтың маңызды бөлігі - біздің ортақ тарихымыз. Қазақстандағы тарихи мұражайларды аралап, мектептерде оқытылатын тарих кітаптарын қарап шыққан кезімде, тарихымыздың қаншалықты бай және бірдей екенін көріп қуанып қаламын. Түркия мен түрік халқы ешқандай жеке мүдде көздеместен Қазақстан мен бауырлас қазақ халқының амандығы мен тыныштығын қалайды. Біз, Қазақстан тәуелсіздігін алмаған кезде де бұл топырақта бауырларымыздың өмір сүретінін білдік, бұрынғыдай тәуелсіздіктеріне қайта қауышуларын тіледік.

Ата жұртымыз деп санайтын бұл географиядағы Қазақстанның территориялық тұтастығы, бірлігі мен ынтымағын аса қатты бағалаймыз және оның күші мен әлеуеті неғұрлым нығайса, біз де соғұрлым бақытты боламыз. Сондықтан, мен де тәуелсіздік мерейтойын тойлап отырған бауырлас Қазақстанға шын жүректен бар жақсылықты тілеймін. Шын мәнінде, бұл барлығымыздың тәуелсіздік мерейтойы және мерекесі болып табылады. Қазақстанның және барлық түркі мемлекеттерінің әр мерейтойы бақыт, бейбітшілік пен гүлденуге толы болсын деп тілеймін!

- Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас жан-жақты дамып келеді. Алдағы уақытта қай салада ынтымақтастық перспективасы жоғары деп санайсыз?

- Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар сауда, инвестиция, мәдениет, туризм, медицина, білім беру және әскери сынды кең ауқымды салаларда өзара тиімділік қағидасымен дамып келеді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Алайда, елдеріміздің өзара байланыстарын одан әрі жоғары деңгейге көтеретін бұдан да терең потенциалға ие екенін атап өткім келеді. Мақсатымыз - ынтымақтастығымызды және қарым-қатынастарымызды әртараптандыру мен нығайту.

Экономикалық байланыстарымыз осыған жақсы мысал бола алады. Түркия - Қазақстан экономикасында шикізаттық емес салаларға ең көп инвестиция құятын елдердің бірі. Түркиядан Қазақстанға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 3,2 млрд.АҚШ долларын құрады. 2020 жылы індет шарттарына қарамастан екіжақты сауда айналымы 3 млрд.АҚШ долларынан асып түсті. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыруымыз қажет. Оны алғашқыда 5 млрд.доллар, кейін 10 млрд.долларға жеткізу біздің ортақ мақсатымыз болып отыр.

Бірлескен инвестиция жасауға қатысты белгілі бір секторларда байланыс орнату пайдалы болады деп есептеймін. Қазақстан көмірсутекті энергия көздерінен бөлек, жел және күн энергиясы потенциалы бар мемлекет. Жаңартылатын энергия саласында да ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында білім мен тәжірибемізді қолданып, инвестиция мүмкіндіктерін зерттей аламыз. Шикізаты Қазақстанда өсетін кейбір тауарлардың ортақ өндірісін ұйымдастыруға болады, мысалы оңтүстікте тоқыма фабрикасын ашу сияқты.

Бұдан бөлек, жоғары технологиялық өнімдер саласында да келешекте бірлескен жұмыстар жасауға болады. Мәселен, қазір жерсерік өндірісі және ғарыш саласы ойыма келіп отыр.

Мәдениет пен туризм салалары да әлі күнге дейін толығымен игерілмеген. Ортақ мәдени құндылықтарымызды, ақын-жазушыларымызды, салт-дәстүрлерімізді әлемге таныту жағынан бірлесе жұмыс істей аламыз. Түркия соңғы жылдары орта есеппен 30-35 млн.турист қабылдап жүрген ел. Өткен жылы індетке байланысты турист саны азайғанымен, осы жылы қайта артуы күтіліп отыр. Түркия сондай-ақ, қазақстандықтардың да көптеп таңдау жасайтын елі. Тек қана демалыс мақсатында емес, ем алу үшін де Түркияға баратын шетелдік азаматтар көп. Біздің компанияларымыз Түркиядағы қала ауруханаларына ұқсас ауруханаларды Қазақстанда да салып, бірге жұмыс жүргізе алады. Туризм саласындағы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Бұл салада жоғары сапалы білім беретін оқу орындарымыз бар. Сондықтан, туризм жөнінде білім беретін оқу орындарымыз арасында ынтымақтастық мүмкіндіктерін қолға алуға болады.

Білім тақырыбында сөз қозғай отырып, аталған саланың да ынтымақтастықты дамытуға қолайлы екенін жеткізгім келеді. Жоғары білім алу үшін Түркияға аттанып жатқан қазақ жастарының саны жыл сайын артып келеді. Түркияның жеке және мемлекеттік ұйымдары Қазақстанда орта және жоғарғы буын сыныптары деңгейінде сапалы білім орталықтарын ашуға қатысты ынтымақтастық орнатуға дайын. Туризм, білім сияқты салалардағы тығыз қарым-қатынастар бауырлас елдеріміз арасындағы тікелей байланыстарды дамыта отырып, маңызды қоғамдық функцияны жүзеге асыруда. Мұның да біз үшін қуантарлық жағдай екенін атап өтейін.

Екіжақты қарым-қатынастарымыздан бөлек, көпжақты платформаларда да екі бауырлас елдің үнемі үйлесімділік пен ынтымақтастықта әрекет етуін көру біз үшін бақыт. Бірге мүшелері болып табылатын Түркі Кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтуге арналған маңызды платформа - АӨСШК сияқты ұйымдар шеңберінде де тығыз байланыстарымыз бар.

Дос әрі бауырлас елдеріміздің ынтымақтастығы мен өзара көмек көрсетуі - маңызды мәселе. Бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін Қарабақта жылдар бойы жүргізген әділ күресі барысында бауырлас Әзербайжан мен Түркияның ынтымақтастығынан көрдік. Қорғаныс өнекәсібі саласында алдағы уақытта Қазақстанмен де ынтымақтастықтың артуы мүмкін деген ойдамыз.

- Пандемия Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасына, іскерлік байланыстарына қаншалықты әсер етті?

- COVID-19 індеті бүкіл әлемдегі секілді Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе жолы байланыстарына да шектеулер алып келді. Бүгінгі күні түрік және қазақстандық әуе жолы компаниялары тарапынан аптасына 16 рейс орындалуда. Жақын күндерде рейс санын көбейту мәселесі күн тәртібінде тұр.

Әуе қатынастары тоқтатылған кезде өзара репатриациялық рейстер орындауға тура келді. Қазақстанда тұратын және Түркияға қайтқысы келген көптеген азаматтарымыз елге қайтарылды. Індетке байланысты екіжақты туристік сапарлар да уақытша тоқтатылып, саяхат жағы ақсап қалды. Сонымен қатар, індеттің іскерлік әлеміне де елеулі теріс әсері болғаны белгілі. Іскерлік әлемі күнделікті өзгерістерге бейімделуге тырысқан сайын, күнде жаңа сынақтарға тап болып отыр. Дегенмен, өзара сауда-саттық байланыстарымыз бұл кезеңді абыроймен еңсеріп отыр. Жаңа айтып өткенімдей, 2020 жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 3 млрд доллардан асып түсті. Көрші елдермен шекаралар жабылғаннан кейін, Қазақстан түрік жүк тасымалдаушылары үшін осы аймақтағы ең маңызды логистикалық бағытқа айналды. Аймақта сауда мен тауар тасымалын үздіксіз қамтамасыз ету тұрғысынан жүк тасымалдаушылардың шекарадан өтуі аса маңызды дүние болып отыр. Бұл, әрине, жүк тасымалдаушылардың транзиттік рұқсат бланкілеріне деген қажеттілігін арттырды.

- Түркия - қазақстандықтар туристік мақсатта ең көп сапарлайтын елдердің бірі. Пандемия, әсіресе, туризмге өте ауыр соққы болғаны белгілі. Коронавирустан кейін сала түбегейлі өзгеріске ұшырай ма, қаншалықты өзгереді? Сіздің елге баратын қазақстандықтар үшін қандай жағдай жасалады? Қауіпсіздік, баға жағынан жаңа ұсыныстар күтуге бола ма?

- Сіз айтқандай, COVID-19 эпидемиясынан ең көп теріс әсер алған секторлардың басында туризм тұр. Дүниежүзілік туризм ұйымының зерттеулеріне сәйкес, эпидемияның туризм саласына келтірген зияны 2009 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыспен салыстырғанда 8 есе көп екен.

Еліміздің туризм секторы да пандемия кезінде ерекше қиындықтарға тап болды. 2019 жылы Түркияға келген туристердің жалпы саны 51,7 миллион болатын. Ал пандемияның өршіген кезі - 2020 жылы турист санының 16 миллион деңгейінде қалуы осы қиындықтардың нақты мысалдарының бірі болып табылады. Алайда, биыл Түркияға келетін шетелдік турист саны қайта өседі деп күтілуде.

Пандемия, әлбетте, саяхат ұғымына жаңа үрдістер алып келді деп айтуға болады. Мысалы, адамдардың көпшілік жерлерден бас тарту үрдісі табиғат туризміне деген қызығушылықты арттырғанын көріп отырмыз. Табиғатпен етене жақын аймақтарға деген сұраныс барған сайын арту үстінде. Саяхат барысында шағын және бутик тәрізді қонақ үйлерді таңдайтындар саны да күн санап артып келеді. Сонымен қатар, осы кезеңде үй туризмі, жалға берілетін виллалар, шағын топтармен яхта саяхаттары және керуен сияқты қонақ үй түрлері де үлкен қызығушылыққа ие болып отыр. Бұдан бөлек, індет басталғалы қол жетімді баға қағидасына қарағанда гигиена мен қауіпсіздіктің басымдыққа ие болғанын байқап отырмыз. Осы орайда туризм саламыз жаңа шарттарға тез бейімделіп, қажетті шараларды қабылдап үлгерді.


Бұл шаралардың ішіндегі ең көзге түскені - Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің бастамасымен, тиісті министрліктеріміздің ат салысуымен және осы саладағы барлық мүдделі тараптармен бірлесе отырып жүзеге асырылған «Қауіпсіз туризм сертификаты бағдарламасы» болды. 18 түрлі халықаралық бағалау институттарының 166 критерийі негізінде гигиена және денсаулық сақтау саласында жүргізілген тексерулер нәтижесі бойынша талаптарға сай келген нысандарға «Қауіпсіз туризм сертификаты» беріледі. 50 немесе одан да көп бөлмелері бар қонақ үйлер үшін «Қауіпсіз туризм сертификатын» алу міндетті болып табылады. Жаңадан жұмыс істей бастаған қонақ үйлер үшін аталған талап 30 бөлме шегінде қарастырылған. 2021 жылдан бастап Түркияда 2000-ға жуық қонақ үйі «Қауіпсіз туризм сертификатымен» қызмет көрсетіп келеді. Сондықтан, әсіресе соңғы жылдары туризм саламызда өте маңызды орын алып келе жатқан қазақ бауырларымыз Түркияға еш уайымсыз келе беруіне болады.

Мұстафа Шоқай айтқандай: « Әр түріктің жер бетінде екі отаны бар : бірі - оның туған жері, екіншісі - Түркия».

- Туризм тақырыбын әрі қарай жалғастырсақ... Қазақстандағы туризм жайлы пікіріңізді білсек. Еліміз қай бағытта жұмыс істеу керек? Түркияда тұратын жергілікті халық арасында Қазақстанға келіп, аралап көргісі келетіндер көп пе? Қай өңірлерге қызығушылық жоғары?

- Қазақстан Республикасы кең байтақ жері мен бір-бірінен ерекше аймақтары бар табиғи, тарихи және мәдени ресурстарға ие ел болғандықтан, туризмді дамытудың орасан зор әлеуеті бар. Қазақстандық ұйымдардың туризмді дамыту жөніндегі қадамдарын жақыннан бақылап отырмыз. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың өткен жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласының 5 жылдан кейін екінші Анталияға айналады деген сөздерін үлкен әрі маңызды бір көзқарастың көрінісі деп бағалаймыз. Алматы болса - қазірдің өзінде әлемге әйгілі қала және оның айналасында ашылуға дайын көптеген көркем табиғи жерлер бар. Алайда, туристік әлеует тек осы аймақпен шектелмейді. Шын мәнінде, Қазақстан Маңғыстаудан Шығыс Қазақстанға, Ақмоладан Түркістанға дейін туризм үшін өте қолайлы география мен инфрақұрылымға ие.

Ерекше табиғи сұлулығы бар Қазақстанға Түркия азаматтарының жиі сапар жасауын біз де қалаймыз. Қазақстанның орны біз үшін бөлек. Бәрінен бұрын, біз бұл географияны ата жұртымыз ретінде көреміз. Тарихына және тамырына аса мән беретін халық ретінде Қазақстан Түркиядан келетіндер үшін өте қызықты ел екенін айта аламын. Таныстыру және маркетинг саласы дұрыс жүргізілген жағдайда, алдағы жылдары Түркиядан Қазақстанға одан да көп саяхатшы келуіне ешқандай кедергі жоқ. Тек Түркия ғана емес, Еуропадан бастап басқа да құрлықтарда тұратын түрік туристерді қызықтыратын мәдени орталық бола алады. Түркия бұл тұрғыда да ынтымақтастыққа дайын.

Түркиялық саяхатшылардың қай аймақтарға қатты қызығушылық танытатынына қатысты сұрағыңызға келер болсақ, әсіресе Түркістанның үлкен потенциалға ие екенін айта аламын. Ең бастысы - Ахмет Ясауи сияқты ұлы тұлғамыздың мәңгілік мекені осы жерде орналасқан. Өздеріңіз білетіндей, Қожа Ахмет Ясауи - елімізде танымал және үлкен құрметке ие тарихи және рухани тұлға, түрік сопылық дәстүрінің негізін қалаушысы. Сондықтан, Түркістан қаласы азаматтарымыздың Қазақстанда рухани сапар жасайтын басты орындарының біріне айналуы мүмкін. Түрік компаниясы тарапынан салынған және басқарылып отырған Түркістан халықаралық әуежайы облыстың әлем елдерімен байланысын кеңейтіп отыр. Облыста жаңа қонақ үйлердің салынып жатқандығы да бұл тұрғыда өте маңызды функция атқаратыны сөзсіз. Сондай-ақ, рухани және географиялық жақындықты ескере отырып, Түркістан, Самарқанд және Бұхара бағыттарында мәдени турлар ұйымдастыруға болады. Мұның алдағы уақытта Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия туризмі үшін де маңызды дүние болатынына сенімдімін.

Қазір Түркияда оқитын қазақстандық жастар көбейіп келеді. Осы бағытта тоқталып кетсеңіз. Алдағы уақытта қазақстандықтарға гранттар санын көбейту жоспарда бар ма?

- Түркия мен Қазақстаның білім саласында айтарлықтай салмақты байланыстар бар. Бұл сала да ынтымақтастығымызда үлкен потенциалға ие тақырыптардан бірі. Түркияда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде білім алғысы келетін шет елдік студенттерге арналған «Түркия стипендиялары» атты ауқымды гранттық бағдарлама өткізіліп отырады. Қазақстан осы бағдарламаға ең көп қызығушылық танытатын мемлекеттер ішінде тұр. Статистикаға назар аударсақ, бүгінге дейін 4 500-ге жуық қазақстандық студенттің «Түркия стипендиялары» бағдарламасымен Түркияда білім алғанын көріп отырмыз. Өткен жылдың өзінде Қазақстаннан 4 000-нан аса өтінім қабылданды. Биыл өтінім саны артып, 7 000-ға таяйды деп болжамдап отырмыз. Қазақстанға бөлінетін грант санын өсірдік. Осылайша, 2020-2021 оқу жылында тиісті талаптарға сәйкес келген 100 студент осы бағдарламамен Түркияда білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, қазір шамамен 500-ге жуық қазақстандық студент Түркияда гранттық негізде білім алуда. Бұл маңызды көрсеткіш және оны алдағы жылдары одан әрі арттыруды көздейміз. Осы орайда, Түркияда сапалы білім алу мүмкіндігін ұсынатын университеттерде білім алуға қызығушылық танытатын барша қазақстандық бауырларымызды осы бағдарламамен жақыннан танысуға шақырамын. Қазақстандық жас бауырларымыздың Түркияда өздерін жат сезінбейтіндеріне, керісінше, екінші отанындай сезінетіндеріне сенімдімін.

Түркия мен Қазақстандағы университеттер арасында ұйымдық ынтымақтастық орнату мақсатында қол қойылған бірқатар ынтымақтастық құжаттары бар. Осы орайда, алдыңғы қатарлы университеттеріміз арасында өзара байланыстар мен тәжірибе алмасуларға қатысты жобалар жүзеге асырылғанын көріп қуанып отырмыз.

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де осы саладағы ынтымақтастығымыздың айқын бір мысалы болып табылады. Осы ортақ университетіміз соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанның білім саласына бағалы үлес қосты.

Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын түріктерге және қазақ бауырларымызға жоғары сапалы білім қызметі ұсынатын бастауыш және орта буын мектептерін ашуға байланысты жұмыстар жүргізілуде. Бұл тақырыпта Қазақстанда үлкен сұраныс пен қажеттіліктің бар екенін білеміз. Білім саласында да Түркия ынтымақтастыққа ашық. Қазақстанда, өкінішке орай, кейде кейбір ұйымдардың «түрік лицейлері» ретінде аталып жүргеніне куә болудамыз. Бұл ұйымдардың Түркияға ешқандай қатысы мен байланысы жоқ екенін осы орайда атап өткім келеді.

Тарихы, мәдениеті ортақ Қазақстан мен Түркия арасында мәдени байланыстар саласында қандай жаңалықтар, бірлескен жобалар күтуге болады?

Тілі, тарихы, діні ортақ түрік және қазақ халықтары әрдайым бір-бірін жүрегімен сезініп, түрік-қазақ достығын ғасырлар бойы жалғастырып келген. Осы негізде гүлденген мәдени байланыстарымыз алдағы уақытта керемет деңгейде жалғасын табатынына сенімдіміз.

2010 жылы ашылған Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығы 11 жылдан бері Түркия мен Қазақстан арасында ‘көңіл көпірі’ міндетін атқарып келеді. Орталық бір жағынан түрік тілі, мәдениеті мен өнерін қазақ халқына таныстыра отырып, екінші жағынан қос мәдениеттің ортақ салт-дәстүрлерін дәріптеу қызметін жүзеге асырып отыр. Қазақ халқы да Юнус Эмре Мәдениет орталығының қызметіне ыстық ықылас танытуда.

Анадолыда түрік халық және сопылық өлеңдерінің негізін қалаушы Юнус Эмренің мәңгілікке қауышуының 700-жылдығына орай, 2021 жыл - Құрметті Президентіміз тарапынан «Юнус Эмре және түрік тілі жылы» болып жарияланды. Сондықтан, осынау маңызды жылда эпидемиялық ахуалды ескере отырып, бірқатар мәдени іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ортақ мәдениетіміз бен тарихымыздың қадірлі құндылықтары болып табылатын Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи мен Абайдың мұраларын жаңғыртатын семинарлар мен еске алу бағдарламаларын ұйымдастырып келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстанда түрік фильмдері мен сериалдары үлкен қызығушылыққа ие. Елдеріміз арасындағы маңызды мәдени көпір болып саналатын түрік кинолары мен сериалдарын Қазақстан телеарналарында тарату жұмыстарымыз жалғасып келеді. Түрік-қазақ бірлескен фильмдері мен сериалдарын дайындау бойынша кездесулер өткізіліп жатыр. Ортақ құндылықтарымызды дәріптейтін фильмдер халықтарымызды бір-біріне одан әрі жақындастыра түсуде.


Соңғы жаңалықтар