ҮЕҰ-лар қоғамның қуатты күшіне айналды - Аида Балаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкіметтік емес ұйымдар қоғамның қуатты күшіне айналды. IX Азаматтық форум жұмысын бастап берген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен сіздерді 9-шы рет өткізіліп отырған Республикалық Азаматтық форумның ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл форум «Қоғам мен мемлекет: Әріптестік пен дамудың 30 жылында біргеміз» деп аталады. Сөз жоқ, атауы өзекті, мағынасы терең, мақсаты кемел. Олай дейтінім, азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, әлеуметтік саясат - мұның барлығы осыдан 30 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазығын қаққан Тәуелсіз еліміздің егемендік туралы декларациясында хатталып, халықымыздың саналы түрде таңдап алған сара жолы, қайталанбас құндылықтары. Бүгін міне сіз бен біз осы қағиданы іс жүзінде көріп, нәтижесін түйіндеп отырмыз», - деді министр.

Оның атап өтуінше, осы уақыт аралығында үкіметтік емес ұйымдар деген ұғым қалыптасып қана қоймай, қоғамның қуатты күшіне айналды.

«Оны көп куәлікпен тізбей-ақ бір дәлелмен атап өтейін. Егер 1990 жылы елімізде ресми тіркелген ҮЕҰ-лар саны 100-ге жетпей, оның не бары 10 шақтығысы ғана белсенді болса, осы күні олардың саны 20 мыңнан асады. Оның бес мыңнан астамы күнделікті қоғам өміріне белсенді араласып жүрген ұйымдар. Бұл, әрине, бірінші кезекте Тәуелсіздігіміздің, Елбасының және Мемлекет басшысының салиқалы саясатының жемісі. Өйткені, алғашқы күннен бастап бүгінге дейін мемлекеттің азаматтық қоғам институттарын қолдауы бір сәтке де тоқтаған емес», - деді ол.

Министр саланы дамытуға арналған тұжырымдама да, арнайы заңнама да қабылданғанын атап өтті. Соның негізінде жыл сайын әлеуметтік жобаларға қаржы бөлініп қолдау көрсетіліп отырғандығын баса айтты.

«Соңғы 15 жылда ҮЕҰ-лардың жобаларына бөлінетін қаражат 200 есе артып, биыл 25 млрд теңгені құрап отыр. Есесіне бүкіл еліміз бойынша қоғамның сан түрлі бағыты бойынша 10 мыңдаған жоба іске асты. Мыңдаған ұйым ары қарай дамуға мүмкіндік алып, қаншама адам жұмыспен қамтылды. Көріп отырсыздар, бұрын жүйе басқаша еді. Үкімет бар мәселені шешуді өз мойнына алатын. Ал қазіргі заман ағымы бөлек. Осының өзі сіздер сияқты ой-өрісі ерен тұлғалар мен қызметі белсенді ұйымдардың арқасы», - деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар