Учаскелік инспектордың бір күні

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр. Құқық қорғау органдарының имиджін халықпен тығыз жұмыс істейтін осы сақшылардың қалыптастыратындығы анық. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұртқа жақын полиция» қағидасы бойынша учаскелік инспекторлардың жұмысын реформалауды тапсырған болатын. Бүгінгі біздің мақаламыз еңбектің жалауын жықпай, тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау үшін алтын уақытын сарп етіп жүрген инспектордың бір күні жайлы болмақ.


Кейіпкеріміз Данияр Жетібаев Өскемен қалалық Полиция басқармасының Сол жағалау полиция бөлімшесінде учаскелік инспектор болып жұмыс істейді. Әскери шені – полиция мойоры. №20 учаскелік полиция пунктіндегі 9 сақшының қарауындағы аймақ – 22,23 шағын аудандар, Жаңа-Ахмер кенті, Ахмер, Новоявленко, Шығыс, Прудхоз ауылдары және 45 саяжай қауымдастығы. Жалпы көлемі 38 мың шаршы метрді құрайтын әкімшілік аумақта 25 450 адам тұрады. Мұнда 57 көпқабатты тұрғын үй, 5647 жер үй, 55 дүкен, 1 базар, 4 мектеп пен 4 денсаулық сақтау мекемесі бар.


«1979 жылы Зайсан қаласында дүние есігін аштым. Балалық шағым өткен жер – Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылы. Аяулы анам «үлкенді сыйла, біреудің ала жібін аттама, адамдарға шамаң келгенше көмектесуге тырыс» деп тәрбиеледі. Өсе келе полиция қызметкері боламын деп шештім. 1999 жылдан бері учаскелік инспектор қызметін атқарып келемін. Осы салада жүргеніме 21 жылдам астам уақыт өтіпті», - дейді Данияр Жетібаев.


Оның айтуынша, жұмыстың қызығы да қиыншылығы қатар жүреді. Халыққа қолұшын созып сауапты іс жасағанымен, отбасын, бала-шағасын сирек көреді.

«Құдай қосқан қосағым мен мамықтан жұмсақ, балдан тәтті көретін екі қызым бар. Күніміздің басым бөлігі жұмыста өтетіндіктен оларды сағынамын. Бірақ біреуге титтей де пайдам тиіп, ақ жаулықты әжелердің батасын алып жатқанда бұл бағытты бекер таңдамағаныма көзім жетеді. Басында жұбайым ренжіп, өкпе-назын білдіретін-тұғын. Бірақ қазір түсінік танытып, әрдайым қолдау білдіреді», - дейді сақшы.


Екінің бірі учаскелік инспектор бола алмайды. Көбісі жұмыстың ауыртпашылығына шыдамай, басқа жаққа ауысып жатады. Кейіпкеріміздің сөзінше, инспектор болу үшін әуел кезекке шыдамдылық пен табандылық қажет. Одан кейін халықпен сөйлесе біліп, әртүрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алу керек.

«Жас полицейлерге әркез тәжірибеммен бөлісіп, бағыт-бағдар сілтеймін. Қандай да бір қиындықтарға тап болып жатса ақылымызды айтамыз. Осы ретте, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бізге көңіл бөліп, қолдау көрсетіп жатқаны қуантады. Бір тілегіміз – учаскелік инспекторлардың штаты арттырылса. Себебі қазір жер-жерде халық саны көбейіп, инспекторлардың жүктемесі ауырлай түсуде», - дейді Данияр Жетібаев.

ҚазАқпарат тілшісі учаскелік инспектормен бір күн бойы бірге жүріп, жұмыстың шыныменде ауырлығын сезінді. Қауырт қызмет сағат 08.00-де басталады.

Сол жағалау полиция бөлімшесіне келген кейіпкеріміз басшыдан пәрмен алды. Бүгінгінің негізгі тапсырмасы – «Учаске» жедел алдын алу шарасы бойынша тұрғын үйлерді аралау, халықтан сұрау қағаз жинау, дүкендер мен дәріханалардағы маска режимін тексеру.


Сөйтіп, учаскелік инспектор өз әкімшілік аумағындағы тұрғын үйлерді аралауға көшті. Әр үйде қанша адам тұрып жатқанын жіті тексерді.


Жеке куәліктегі ЖСН-ді алса жеткілікті, қызметтік планшет арқылы сол кісінің осы пәтерде тіркеуде бар-жоғын біле алады. Мәселен, тексеру барысында Оперативная көшесіндегі 29 үйдің тұрғыны тіркеуге тұрмағандығы анықталды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы, 1-бөлігі бойынша ескерту берілді. Енді бұл азамат 10 күн ішінде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмаса айыппұл төлеуге міндеттеледі.


13.00-ге дейін үйлерді аралап болған соң түскі ас уақыты. Ауқаттанып алғаннан кейін учаскелік инспектор дүкендер мен дәріханалардағы маска режимінің сақталуын, тауар бағаларының бекітілген шектен аспауын тексеруге кірісті. Бұл күнде ешқандай заңбұзушылық анықталмады.


Сағат 16.00-де наркопритондарды тексеруге жол тарттық. №20 учаскелік полиция пунктінің әкімшілік аумағында 2 наркопритон тіркелген. Соның бірінде тұрып жатқан ер адам біз тексеруге келгенде есікті бірден ашпады. Көршілерінен сұрастырғанда – оның кеше ішімдік ішіп алып, тұрғындардың мазасын қашырғаны белгілі болды. Есікті 5 минут бойы тоқтаусыз қаққанда іштен әйтеуір тыпырлаған дыбыс естілді. Есікті ашқан еркек полицейді көргенде абдырап қалды.


«Бұл азамат осыдан біраз уақыт бұрын 3 ай бойы ішімдіктен мәжбүрлі түрде емделген. Алайда соған қарамастан тағы да ащы судан ұрттап алыпты. Енді оның ісі Алдын алу кеңесіне жіберіледі. Ары қарай шешімді солар шығарады», - деді Данияр Түсіпбекұлы.

Учаскелік инспекторға шынайы ризашылығын білдірген жандардың бірі – Нина Ахриненко. 1941 жылғы қарт кісінің немересі есірік судан есі кеткені сонша айтқанды мүлде тыңдамай, үйде ылғи жанжал шығаратын-тұғын. Сабыр суы сарқылған зейнеткер полицияға қоңырау шалған.


Данияр Жетібаев арызды қабылдап, ер адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Десе де соған қарамастан ол инспектордың сөзіне құлақ аспай, тағы да арақ іше бастаған. Содан кейін әжесінің өтінішімен немересі 6 айға ішімдіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Қазірде түзу жолға түскен ол жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауда.

«Данияр балама мың алғыс! Әлгіні түзеймін деп қанша уақытын кетірді. Бүгінде немерем жұмыс істеп, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүр. Бұл өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын осындай инспектордың арқасы», - дейді Нина Ахриненко.


Сағат 18.00-де тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау басталды. Учаскелік инспекторға жүгінген Клара Сейтказина телефонына айыппұл төлеу қажеттігі жайлы хабарламаның не себепті келгенін сұрады. Данияр Жетібаев планшет арқылы тексеріп, оған ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы 2-бөлігімен айыппұл салынғанын, егер әкімшілік хаттамамен келіспейтін болса Назарбаев көшесі, 73/1 мекенжайы бойынша облыстық МАИ-ға барып шағындана алатындығын түсіндірді.

Шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтар қабылданды. Оларға қоғамдық орындарда, көшеде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі турасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


Сағат 20.00-де кейіпкеріміз көшелерді патрульдеуге шықты. Маскалық режимнің сақталуын, аулаларда, қоғамдық жерлерде ішімдік ішілмеуі тексерілді. Осыдан кейін полицей түзету мекемесінен мерзімінен бұрын босап шыққандардың үйлерін аралады.


Сағат 23.30 шамасында бүгінгі жұмыс күні де аяқталды. Бұл қатып қалған уақыт емес. Учаскелік инспекторлар кейде одан да жай қалып жатады. Тіпті таңға дейін тер төгетін сәттер де кездеседі. Бір күн бойы Данияр Жетібаевпен бірге жүріп, оның төзімділігі мен еңбекқорлығына қайран қалдық. Әңгімелесе жүріп инспектордың азаматтық ұстанымына беріктігі, қызметіне деген адалдығын сездік. Сездік те осындай сақшылар барда халықтың қауіпсіздігіне алаңдамауға болатынын түйсіндік.


Соңғы жаңалықтар