«Уақыт өтіп жатыр»: Елордада туберкулезбен күрес айлығы жалғасуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 24 ақпанынан 24 наурызына дейін «Уақыт өтіп жатыр!» ұранымен туберкулездің алдын алу айлығы өтіп жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, алдын алу іс-шаралары шектеліп, емханаларға жүгінетін халықтың азаюына байланысты карантин кезеңінде жоғары қауіпті топтарда туберкулезбен сырқаттану үш есе төмендеген. 2019 жылы халықты туберкулезге тексеру бойынша белсенді шараларды жүргізгенде әрбір 100 мың тексерілген адам арасынан туберкулезбен ауыратын үш адам анықталса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бір ғана адам табылған.

«Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қараша айында туберкулезді белсенді анықтау үшін «СТОП ТБ» акциясын ұйымдастырды. Ол өз нәтижесін берді», - деді Ә. Рүстемова.

Бұл ұран медициналық ұйымдардың ғана емес, қала тұрғындары мен елорда қонақтарының туберкулезге тексеруден өтуі, аурудың алдын алу мәселелері бойынша білім деңгейін арттыру, әрбір адамның белсенді жеке өмірлік ұстанымын қалыптастыру туралы болмақ.

«Бір ай ішінде қаланың медициналық ұйымдарында, әлеуметтік желі мен YouTube каналында тиісті ақпараттар жарияланады. Осы саладағы мамандармен әлеуметтік желілерде тікелей эфир өтеді. Эфир барысында аурудың алдын алу, диагностикасы және емі туралы сұрақтар қоюға болады. Жоғары қауіп тобына жататын адамдарды туберкулезге алдын ала тексеру және ақпараттандыруға ерекше назар аударылады», - деп толықтырды Әлия Рүстемова.

Айта кетейік, соңғы он жылда елордада туберкулез ауруы мен туберкулезден болатын өлім-жітім 5 есеге азайды.


Соңғы жаңалықтар