ТЖМ басшысы екі өңірдің су тасқыны қаупі бар учаскелеріне әуеден бақылау жүргізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 21-22 сәуірде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының су тасқыны қаупі бар учаскелері мен елді мекендеріне аэровизуалды бақылау жүргізді. Бұл туралы ҚазАқпарат аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қауіпті аймақтарды әуеден бақылау жұмыстарына ТЖ вице-министрі Марат Күлдіков, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары ТЖ департаменттерінің басшылары, әкімдерінің орынбасарлары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ұшу барысында Ақмола облысының Целиноград, Астрахан, Атбасар, Сандықтау, Зеренді аудандарының және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Есіл, Аққайың, Тайынша, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын аудандарының су тасқыны қауіпті учаскелері мен елді мекендері тексерілді. Есіл және Жабай өзендерінің арнасын бойлай ұшқан арнайы топ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су тасқыны қаупі едәуір сейілгенін көрді.

«Ақмола облысының аумағында жоспарлы ұшу су тасқыны жағдайы қалыпты екенін көрсетті. Жалғыз қауіп Колутон өзенінің кей бөліктерінде байқалады. Мұнда бір апта бойы су деңгейі көтерілген. Қазір төмендеуде. Шамамен 10-14 күннен кейін жағдай қалпына келуі тиіс», - деді Юрий Ильин.

Өз кезегінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықов барлық өзендерде судың төмендеуі байқалатынын және су айдындары өз арналарына кіргенін айтты.

Сонымен қатар Юрий Ильин әуеден бақылау барысында орман пайдаланушылары мен шаруа қожалықтары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандарында орман алқабы маңындағы құрғақ шөпті жоспарлы өртеу жұмыстарына кіріскенін ескертті.

Министрдің сөзінше, көктемде бұл жұмыстар көбінесе бақылаусыз жүргізіледі және ірі өрттердің туындауына себеп болады. Олар бұл жұмыстарды қар ери салысымен бастап кетеді. Алайда құрғақ шөпті жағу жұмыстары жүргізілген жағдайда, шаруалар ТЖ департаменттеріне хабарласуы тиіс. Бұл факт теріс салдарға әкеп соқтырмас үшін алдын ала ескерту қажет.

Келесі бағыт Солтүстік Қазақстан облысының аумағында өтті. Ұшу барысында Есіл өзені арнасының төменгі жағында су деңгейі көтеріліп, су өзен бойын толтыратыны анықталды. Қазіргі уақытта су тасқыны Есіл ауданының Покровка ауылының маңында өтуде. Су деңгейінің көтерілуі шекті белгілерге жеткен жоқ. Өзен арнасы таза, мұз құбылыстары байқалмайды.

Іс-шара соңында министр Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су тасқыны жағдайын бақылау бойынша бірқатар тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар