ТЖ режімін бұзған 14 жүргізушінің көлігі айып тұрағына қойылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін 14 жүргізушінің автокөлігі айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өткен тәулікте қалалық әкімшілік соты ҚР ӘқбК 476-бабы бойынша 19 әкімшілік іс қарады.

«Бұл істер бойынша 12 адам қамауға алынып, 7 айыппұл салынды. 476-бабының 6-тармағы бойынша көшеде себепсіз жүрген 11 тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Олардың 8-і қамауға алынып, 3 адамға айыппұл салынды», - деді ПД баспасөз қызметінен.

Карантин басталғалы бері Алматыда 292 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 147-сі қамауға алынса, 139 адамға айыппұл салынды. Сондай-ақ 6 адам ескерту алды.

Қазір қала көшелерін 3 мың әскери қызметші мен полицейлер 997 маршрут бойынша тексеру жүргізеді. Алматыда карантиндік шараларды қамтуға барлығы 5500 адам жұмылдырылған. 26 блокпостта 208 полиция қызметкері жұмыс істеп жатыр.

Бір тәулікте 6540 көлік тексерілді. Аудандық полиция бөлімшелеріне қалада себепсіз жүрген 21 жүргізуші жеткізілді. 14 көлік айып тұрағына қойылды.

Талдау мәліметтеріне сәйкес 3 сәуірде қаланың магистральді көшелерінде қозғалыс азайған.

«Күндізгі 11.00 мен 12.00 аралығында камера қаланың магистральді көшелері Шығыс айналма жолы, Райымбек-Саин, Сейфуллин-Жансүгіров, Төлеби-Розыбакиев арқылы 3764 көлік өткенін түсіріп алған. 11 наурызда бұл уақытта 15 386 көлік өткен болатын», - деді полициядан.


Соңғы жаңалықтар