ТЖ режимі кезінде шығынға батқан кәсіпкерлерге мемлекет қандай көмек көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова ТЖ режимі салдарын көріп отырған шағын және орта бизнес субъектілеріне қандай көмек көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдайды енгізу кезінде зардап шеккен негізгі 12 сала және 346 экономикалық қызмет түрі анықталды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің қайта құрылымдалған жалпы санының 34 пайызы саудаға, 15 пайызы сұлулық салндары мен химиялық тазалауға, шаштараз қызметтеріне, 5 пайызы көлікке, 4 пайызы қоғамдық тамақтануға, 4 пайызы туризм саласына жатады. Төтенше жағдай режимінің аяқталуына қарамастан шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қызметін қайта құру – бірқалыпты болмай жатыр. Тауарлар мен қызметтерге сұраныс көлемі қысқарып, айналым мен түсім азайды. Осының салдарынан алынған несиелер бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігі төмендеді», - деді Мадина Әбілқасымова Үкімет отырысында.

Оның айтуынша осыған орай агенттік екінші деңгейлі банктермен және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп, ШОБ субъектілеріне қолдау көрсетудің қосымша шараларын іске асыра бастаған.

«2020 жылдың 15 маусымында ШОБ субъектілеріне қосымша қолдау шараларын көрсету тәртібі бекітілді. 2020 жылдың 16 маусым мен 15 қыркүйек аралығында ШОБ субъектісі қосымша қолдау шараларын алу туралы банкке немесе микроқаржылық ұйымдарға өтініш жасауға құқылы. Несиелік ұйым әрбір кәсіпкер бойынша оның қаржылық жағдайын, төтенше жағдай мен карантиннің қаржысына әсерін және қаржылық жағдайын қайта құрудың перспективасын жеке бағалайды», - деді ол.

ШОБ субъектілерінің қаржылық жағдайы нашарлаған кезде несиелік ұйымдар қолдаудың екі бағытын ұсынады. Біріншісі - бұл уақытша қаржылық қиындыққа тап болған қарыз алушылардың несие бойынша төлемдерін кейінге қалдыру. Бұл шара бизнестің борыш жүктемесінің айтарлықтай өсуіне апарып соқпайды. Екіншісі - несиені жеңілдік берілген талаптармен кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде қайта қаржыландыру. Бұл мүмкіндікті барлық ШОБ субъектілері, оның ішінде төлеу мерзімі шегерілген субъектілер пайдалана алады.

«Айналым капиталын толықтыру үшін ШОБ субъектілері жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойынша несие ала алады. Осы бағдарлама бойынша несие 8 пайыздық ставкамен бір жылға дейін беріледі. Бағдарламаның жалпы көлемі - 600 млрд теңге. Қазірге дейін 259 млрд теңгенің несиесі беріліп қойды», - дейді Мадина Әбілқасымова.


Соңғы жаңалықтар