TWESCO Мұстафа Шоқайдың 130 жылдығына орай халықаралық конференция өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың 130 жылдығына орай халықаралық конференция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін саналы ғұмырын Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығына арнаған Мұстафа Шоқайдың туған күні. Алаш ардақтысы ескіше 1890 жылдың 25 желтоқсанында, жаңа күнтізбе бойынша 1891 жылдың 7 қаңтарында дүниеге келген. Биыл түркі әлемінің тұғырлы тұлғасының туғанына 130 жыл толып отыр.

Осыған орай бүгін Халықаралық Түркі академиясы «Мұстафа Шоқай және Түркістан идеясы» атты халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырды. Академия президенті Дархан Қыдырәлі конференцияға қатысқан ғалымдарға алғысын білдірді.

«Мұстафа Шоқайдың 130 жылдығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінгі шараға Өзбекстаннан, Түркиядан, Татарстаннан, АҚШ-тан, Қазақстаннан белгілі ғалымдар қатысуда. Сіздерге көп рахмет!» - деді Дархан Қыдырәлі.

Жиында түрколог ғалым Тимур Қожаоғлы, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, татардың қоғам қайраткері әрі тарихшысы Ескендір Гилязов және тағы басқа ғалымдар сөйлеп, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен түркі бірлігіне қосқан үлесі жайлы ой бөлісті.


Соңғы жаңалықтар