Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұтынушылардың шағымын қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері көзделген заң жобасын таныстырған ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Уәкілетті органның рөлін күшейтуде бірінші кезекте тиімді тәсілдердің бірі ретінде «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесі ұсынылады. Мұндай жүйені құру тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша барлық шараларды бір жерде шоғырландыруға, шағымды дайындау және оны құзырлы органдарға жолдау рәсімдерін жеңілдетуге, сондай-ақ, барлық өтініштер мен оларды қарау нәтижелерін цифрландыруға мүмкіндік береді», - деді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған министр.

Бақыт Сұлтановтың атап өтуінше, тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін жүйеде даудың мәніне және қызмет көрсету саласына байланысты шағымдардың бірқатар үлгілік формалары, сондай-ақ дауларды қарайтын субъектілердің және мемлекеттік органдардың тізбесі мен байланыс ақпараттары орналастырылады.

«Екінші кезекте, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылатын болады, ол осы бағыттағы көтерілетін мәселелердің мәні мен маңыздылығын күшейтеді, проблемалық нормативтік құқықтық актілерді тез арада өзгертуге мүмкіндік береді, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, уәкілетті органға мемлекеттік бақылау функциясы беріледі. Бұл тексеріс жоспардан тыс бақылау субъектісіне бармай профилактикалық түрде жүзеге асырылады», -деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар