Түркиядан Грузияға жүк тасымалдайтын алғашқы пойыз аттанды

None
None
ЭРЗУРУМ. Анадолы-ҚазАқпарат – Түркияның Эрзурум қаласындағы Паландокен логистикалық орталығында 23 шілде күні Түркия мен Грузия арасындағы алғашқы жүк пойызын іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Теміржол құрамдары жаңа бағытта экспорттық жүктер тасымалдап, Баку-Тбилиси-Карс темір жолымен сапар шегеді.

Шараға «Түркияның мемлекеттік темір жолдарының» басшысы Али Ихсан Уйгун, «Грузин темір жолдары» АҚ төрағасы Давид Перадзе, Pasifik Eurasia логистикалық компаниясының және Эрзурум әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімде Али Ихсан Уйгун сөз сөйлеп, Анкара Баку-Тбилиси-Карс жобасының жүзеге асырылуына үлкен мән беретінін атап өтті.

«2017 жылы қолданысқа енген аталмыш бағыт бойынша Түркия, Әзербайжан және Қазақстан арасында жүк тасымалы жүзеге асырылды. Грузияның Темір жолдар басқармасымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 17 маусым күні ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Біздің тарапымыздан іске қосылған экспорттық пойыз бұл келісімнің алғашқы жемісі болып табылады», - деді TCDD басшысы.

Давид Перадзе, өз кезегінде, жобаны жүзеге асыруға атсалысқандарға алғыс білдірді.

«Бүгін – Грузия мен Түркия үшін тарихи күн», - деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар