Түркияда өтетін кинофестиваль «Томирис» фильмімен ашылады

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - 8-12 қараша аралығында Ыстанбұлда өтетін Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің ашылу салтанатында «Қазақфильм» туындысы «Томирис» көрсетіледі. Бұл туралы фильмнің режиссері Ақан Сатаев Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Sataifilm компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қазақстандық туынды биыл қыркүйек айында Түркияда прокатқа шығып, 200-ден астам кинотеатрда көрсетілген болатын.

Korkut Ata кинофестиваліне биыл 13 елден барлығы 42 кинотуынды қатысады. Фестиваль шеңберінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сынды Түркі әлемі елдерінің киногерлері түрлі жанрда, соның ішінде тарихи, фантастика, деректі және анимация жанрында түсірілген үздік туындыларын ұсынады.

Аталған фестивальде қазақстандық бірнеше фильм ұсыналады. Фестивальдің басты байқауларының бірі – көркем фильмдер бағдарламасында Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, ал деректі фильмдер байқауында режиссер Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» фильмі бақ сынайды. Ал анимациялық фильмдер байқауында Адай Әбелдиновтің «Күлтегін» тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрсетіледі.

Сонымен қатар, фестивальдің тарихи туындыларына арналған бағдарламасында Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі көрсетілсе, ал «Заманауи фантастика» байқауында көрермендерге «Бегарс Елубайдың «Оазис» фильмі ұсынылады.

Түркияда өтетін фестивальге Қазақстанның халық артисі Асаналі Әшімов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕҚ бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, актрисалар Альмира Тұрсын және Аружан Жазылбекова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаев және басқалары қатысатындары белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар