Түркия төрінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған концерт өтті

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат – Сенбі күні Түркия Республикасы Мәдениет министрлігінің Президенттік симфониялық оркестрінің концерттік залында Еуразия симфониялық оркестрінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған концерті өтті. Шараны Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Елшілігінен мәлім еткендей, концертте Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, есімі әлемге танымал скрипкашы Айман Мұсақожаева өнер көрсетті. Сонымен қатар, опера әншісі Талғат Мұсабаев, дарынды композитор Рахат-би Әбдісағын өз өнерлерін тыңдарманға паш етті. Концерт дирижері – Айдар Торыбаев.



Сондай-ақ қазақтың қара домбырасымен халқымыздың дәстүрлі күйлерін орындаған «Шабыт» домбырашылар оркестрі көрерменді өнерлерімен тәнті етті.

Ал Еуразия симфониялық оркестрі отандық және әлемдік музыка классикаларын орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.



Кешке Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Анкарадағы дипломатиялық миссия басшылары, дипломаттар, Түркия мемлекеттік органдар басшылары, университет оқытушылары, зиялы қауым, диаспора, Анкарада білім алып жатқан студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.


Концерттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы: «Ғаламға ортақ тіл – музыка мен өнер қашанда адамдардың басын қосқан. Осы тұрғыда өнер Қазақстан-Түркия қарым-қатынасындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Шындығында, біздің халықтарымыз ежелден ортақ құндылықтарды біріктіріп келеді. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраның Түркияда ерекше ықыласпен тыңдалуы бауырластығымызды одан әрі нығайтудa», - деді.



Соңғы жаңалықтар