Түркия Президентінің назарын аударған қазақстандық оқушыға құрмет көрсетілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында 1-сыныпта оқитын Байжігіт есімді балақай Түркия Президентінің назарына ілігіп, арнайы сыйлығын алды. Бұған оның Режеп Тайип Ердоғанға Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдағаны себеп болған. Жуықта талапты жас өренге Нұр-Сұлтан қаласындағы Түркия Елшілігінде құрмет көрсетілді. ҚазАқпарат тілшісіне бұл жайлы Байжігіттің әкесі Дулат Байкубенов айтып берді.

«Баламның батылдығына риза болдым»

«Бірде Байжігіт 9 жасар Ләйлім Рысқали ұлы Абайдың өлеңін жатқа оқып, эстафетаны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдағанын көріп қалады. «Бұл қалай сонда?» деді маған ойлы кейіпте. Түсіндіріп бердім. Тыңдап алды да «Мен де эстафета жолдаймын. Абай атамның өлеңін жаттаймын» деді. «Кімге жолдайсың?» деп сұрағанымда, сәл-пәл ойланып тұрды да «Түркия Президентіне» деп жауап қатты. Оның бұл батылдығына риза болып, қолдау таныттым», – дейді Дулат Байкубенов.

Сөйтіп, хакімнің өлеңі жатталды, видео түсірілді, желіге жүктелді. Ауыл тұрғындары әкелі-балалы екеуінің бұл ісіне күлді де қойды. Ешкім де Байжігіттің сәлемі Түркия басшысына жетеді, қаршадай балаға елордадағы Елшілікте үлкен құрмет көрсетіледі деп ойламаған-тұғын.

«Арада 1 жарым жылдай уақыт өтті. Сенімге селкеу түссе де үміт үзілмеген. Кенет Анадолы еліндегі TRT AVAZ телеарнасында біз жайлы сюжет көрсетілгенін естідік. Басында сенбей, әзіл шығар дедік те қойдық. Сөйтсек, рас боп шықты. Осыдан кейін жан-жақтан ұсыныстар түсе бастады. Наурыз айының ортасында Түркияның Қазақстандағы Елшілігі хабарласып, ұлым екеуімізді Нұр-Сұлтан қаласына шақырды. Келесі күні ұшаққа отырдық та елордаға тартып кеттік. Жол шығынын Елшіліктің өзі көтерді», - деді Дулат.

Аттанар алдында олар Тұғыл ауылындағы тігінші Әлия Нұрахметоваға барып Байжігітке арнайы киім тіктірген екен.

Түркияда тегін оқуға шақырды

Жоспар бойынша Елшілікте Байжігіт Режеп Тайип Ердоғанмен Zoom арқылы тікелей байланысқа шығуы керек болған. Алайда Президенттің шұғыл жұмыстары шығып, бұл ойлары іске аспай қалған.

«Бізді Түркияның Қазақстандағы Елшісі Уфук Экинджи мырза қабылдады. Ерекше ықылас танытып, шынайы ризашылықтарын жеткізді. Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчудың арнайы хаты, ipad mp3 player және Түркия туы бедерленіп, «Байжігіт» деген жазуы бар алтын білезікті сыйға тартты. Бұдан бөлек, Тарбағатай ауданының әкімдігіне Түркия туралы кітапты, Ақжар ауылындағы Байжігіт баба мешітіне Құран Кәрім кітабын бізге аманат етіп тапсырды. Ұлым мектеп бітірген соң Түркиядағы кез келген университетке грантқа оқуға түсе алатындығын, мамандықты өзі таңдайтындығын жеткізді. Түрік тілін меңгерсе сол елде жұмысқа орналасуға көмектесетіндіктерін де айтты. Қуанышымызда шек болмады! Бұлай болатындығы үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген», – деді Дулат.

Байжігіт өскенде кәсіпкер болғысы келеді екен. Өйткені, «көп ақша тауып, жағдайы жоқтарға көмектесемін. Барлық балаға телефон алып беремін» дейді. Осыдан-ақ оның көлдей көңілін, өзгеге деген жанашырлығын аңғардық. Әкесі Т.Рысқұлов атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі.

«Жұбайым Гүлайым екеуіміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Байжігіт – тұңғышымыз. Ержігіт, Жанжігіт есімді екі інісі мен Кербез атты қарындасы бар. Кенже қызымыздың жарық дүние есігін ашқанына 2 ай болды. Әйелім қазір декреттік демалыста, негізгі мамандығы – аспаз. Ауылымызға оралғаннан кейін жергілікті әкім мен білім бөлімінің басшысы келіп құттықтады. Мектепте оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Қазір 23 сәуір – Түркиядағы балалар күніне орай түрікше тақпақ жаттап жатырмыз. 15 маусымда түріктер Тарбағатайға қонаққа келеді. Соған да жақсылап дайындаламыз. Тағы бір айта кетерлігі, Анадолы жеріндегі белді компаниялардың бірі Тарбағатайға қайтарымсыз инвестиция бөліп, сүт өңдеу цехын салмақ. Бір шарттары дайын өнімнің атауы – «Байжігіт» болуы керек. Бұл да туған жеріміздің дамуына титтей де болса үлес», – деді тарбағатайлық.


Соңғы жаңалықтар