Түркістандық жас кәсіпкер құрттың 10 түрін жасайды

None
None
БӘЙДІБЕК. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында жергілікті тұрғын түрлі түсті құрт жасауды кәсіп еткен. Бала кезінен әжесі мен анасынан әртүрлі сүт тағамдарын жасауды үйренген Назерке Әскер заман талабына сай кәсібін бастап, бүгінде жұмыссыз жүрген жастарға үлгі болуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол аудандық кәсіпкерлік палатасына жас кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Бастау-бизнес» жобасы бойынша арнайы курсты оқып шыққан. Арнайы сертификат алған соң, бизнес жоспар құрған. Оны арнайы комиссияда қорғап, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 3 млн қайтарымсыз несиеге қол жеткізген.

Кәсібін өткен жылы ашқан Назерке құрт өңдейтін және дөңгелек пішінде жасайтын аппараттар мен салқындатқыш құрылғы сатып алған. Қазіргі таңда ешқандай химиялық коспасыз таза табиғи түрлі түсті құрттың 10 түрін жасауда.

Ащы, тұзды, кептірілген жемістерден, қан көбейтуге арналған яғни қызылшадан, мейізден, қан қысымы жоғары адамдарға жалбыздан, асқазанға пайдалы райхан гүлінен, сәбіз сығындысынан, кептірілген өріктен араластырып дайындалған түрлі түсті құрттарды арнайы тапсырыспен дайындап, сатылымға шығарып отыр.
«Бастапқы бизнес бастаған кезімде түрлі түсті құрттарды дайындап шығарғанда қорқынышта болғанын жасырмаймын. Адамдарға таңсықтау бұл құрттарды ауыл тұрғындары сатып алады ма деген ой болды. Бірақ бұл құрттардың дәмін татқан ауыл тұрғындары тапсырыс бере бастағанда, қорқынышым басылды. Қайта осы кәсіпке деген құштарлығым арта түсті»,- дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде Назерке осы кәсіпкерлігін кеңейтіп, сүтті сиырлардың санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Сөйтіп шикізатты өзінен шығарып, түрлі түсті құртқа деген сұранысты жоғарылатқысы келеді. Сондай-ақ, дайын өнімдерін өзі тұратын Жамбыл ауылындағы дүкендер мен көрші ауылдарға, алыс-жақын қалаларға сатуды көздейді.

Соңғы жаңалықтар