Түркістандық тоғыз балалы омарташы балдың 10 түрін өндіреді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Келес ауданында тұратын омарташы Мәлік Айтымбетов 70 жәшік бал арасын ұстайды. Ауыл тұрғынының бұл іспен айналысқанына 7 жыл болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай ауылының тұрғыны - 9 ұл-қыздың әкесі. 45 жастағы тоғыз баланың әкесі атаулы әлеуметтік көмек алмай тұрып, ісін өрге домалата алмаған. Яғни, омарташылыққа қажетті құрал-саймандарды түгелдеуге шамасы жетпегенін айтады. Ал, былтыр әлеуметтік көмек алған отбасы тірлігін дөңгелетіп әкеткен. Үкіметтен 9 балаға 1 млн 498 мың теңге қаржы берілген. Осы қаржыға ол бал өндіретін диірмен және омарта жәшіктерін, көшіруге тіркеме сатып алған.


«Біз ауылдағы көпбалалы отбасы саналамыз. Жанұямызда 11 жанбыз. Алланың берген 9 ұл-қызы бар. Солардың несібесіне өткен жылы үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Құжатты дер кезінде дайындап, жергілікті әкімдікке өткіздік. Көп ұзамай үлкен қаржыға қол жеткізіп, өзімнің шаруашылығыма қажетті бар керек-жарақты сатып алдым. Бүгінде соның арқасында балдың 10 түрін өндіріп жатырмын», – дейді Мәлік Айтымбетов.


Бүгінде омарташының әйелі Нағима Айтымбетова бала күтімінен босап, бір мекемеге тазалаушы боп жұмысқа орналасқан. Айлық жалақысы – 40 мың теңге. Омарташылықты кәсіп еткен отбасының үлкені Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнында оқиды.

Олардың ендігі арманы – омарташылықты кеңейтіп, бал арасы орналасқан тіркемелерді таситын жүк көлігін сатып алу.


Соңғы жаңалықтар