Түркістандық кәсіпкерлер ауылдағы мұқтаж отбасыларға баспана салуда

None
None
КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Келес ауданында жергілікті кәсіпкерлер мұқтаж жандарға баспана салуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір «Келес-Абай» қайырымдылық қорының көмегімен Біртілек ауылдық округінен тұрмыстық жағдайы төмен 2 жанұяға тұрғын үй салу жұмыстары басталды.

Келес ауданында ашылған «Келес-Абай» қайырымдылық қорына ауданның қалталы азаматтары қолдау көрсетеді. Жиналған қаржыға тұрмыстың тауқыметін сезініп, үйсіз жүрген келестіктерді баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қордың жетекшісі, кәсіпкер депутат Д.Әбдиевтің айтуынша, қордың жұмысын жандандыра отырып, кәсіпкерлердің басын біріктіріп, баспана құрылысын жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.

Өз кезегінде аудан әкімі Ақментай Есбаев тұрғын үй салынып жатқан алаңға барып, жоспардағы жобалармен танысты. Нысанның іргестасын қалау шарасына қатысты. Ол алдағы уақытта өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлер анықталса, мұқтаж жандарған баспана салу үшін аталмыш қорға берілетінін айтты.

«Осы игілікті шара бойынша ауданымыздың қалталы азаматтарына үндеу тастадық. Бүгін міне, жаңа баспананың іргетасын қалау сәтіне куә болып отырмыз. Қасиетті Рамазан айында бастау алған игі шараға ынтымақты ел екенімізді көрсетіп, қолғабыс болсақ деген ниетіміз бар», - деді аудан әкімі.


Соңғы жаңалықтар