Түркістандық кәсіпкер 260 отбасыға азық-түлік таратты
Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, меценат бұған дейін де 200 отбасыға қайырымдылық жасап, көптің алғысын алған.
«Қазіргі таңда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қиын-қыстау сәтте мақтааралдық жомарт кәсіпкерлер халықпен бірге екендіктерін көрсетуде. Бүгінгі акция аясында негізінен Жамбыл, Мақтаарал, Жаңажол ауылдық округтерінде тұратын аз қамтамасыз етілген отбасылар қамтылған.
Жалпы Мақтаарал ауданында кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері тарапынан Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің, көпбалалы отбасылардың, жалғызілікті аналардың тізімі жасақталып, мұқтаж жандарға антисептикалық құралдар, медициналық маскалар және бірінші кезекте қажетті өнімдер мен азық-түліктер таратылып жатыр», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы республикалық деңгейде коронавируске қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу мақсатында Елбасының бастамасымен «Біз біргеміз!» республикалық акциясын жариялағаны белгілі. Қатерлі індетке қарсы күресті күшейтіп, көмекке аса мұқтаж жандарға қол ұшын созуды құптаған қайырымды істі жүзеге асыру үшін Мақтаарал ауданы әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы белсенді жұмыстар атқаруда.