Түркістандағы Түркі кеңесі саммиті видеоконференция режимінде өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 31 наурызда Түркістан қаласында өтуі тиіс Түркі кеңесінің бейресми саммиті видеоконференция режимінде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан тарапы эпидемиологиялық ахуалға байланысты осы жылдың 31 наурызында Түркістан қаласында өтеді деп жоспарлаған Түркі кеңесінің бейресми саммитін видеоконференция режимінде өткізу туралы шешім қабылдады. Түркітілес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі хатшылығына бұл шешім ресми түрде хабарланды», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бұған дейін саммитке ТМЫК-қа мүше барлық елдің басшылары және бақылаушы мәртебесі бар Мажарстанның Премьер-Министрі қатысатындығы хабарланған еді.

Түркі кеңесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы 3 қазанда құрылды. Халықаралық ұйымның штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан. Ұйымның мүшелері Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, ал Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие.


Соңғы жаңалықтар