Түркістанда заңсыз жер телімдері мемлекетке қайтарылуда

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғындардың өз бетінше жерлерді иелену фактілері бойынша атқарылған жұмысы жайы айтылды. Сондай-ақ, қаладағы құрылыс жобалармен қамтамасыз ету мен алдын ала берілген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Қасымбековтың айтуынша, Түркістан шаһарының аумағы 19 627 га жерді құрайды. Өткен аптада аталған бөлім қызметкерлері қала аумағында жер учаскелерін заңсыз иелену деректері бойынша тексеру жүргізген.

«Бекзат» мөлтек ауданында болып, анықтау жұмыстары нәтижесінде жалпы саны 93 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 42-сі өз бетінше иелену, 16 жер игерілмеген, 34 жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаған. Аталған мөлтек ауданының шетінен тұрғындардың өз беттерінше үй салып алу фактілері орын алған. Қала тұрғындарымен кездесу барысында олардың қолдарында 2005 жылғы «Яссы» ауыл округі әкімдігінің шешімі бар екендігі анықталып, жалпы саны 230 шешім табылған. Осы 230 шешімнің 138-і аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілген. Нысандардың 81-і тұрғын үй болса, 57-інде үйдің іргетасы қаланған. Жоғарыда айтылғандай шешімдердің заңдылығы күмән туғызып отыр», - деді Н.Қасымбеков.

Бөлім басшысы әлдебір азаматтардың жергілікті халыққа жер сатып, құжаттарын рәсімдеп беремін деп аляқтық жолмен айналысып жатқанын мәлім етті. Бұл жөнінде қазір қалалық полиция басқармасына арнайы хат жолданыпты. Сонымен бірге жер учаскелеріне құжаттары рәсімделмесе де «Оңтүстік Жарық» мекемесі электр қуатын қосуға рұқсатын негізсіз беріп, есептегіш құралдарын орнатып бергені белгілі болды.

Мамандар мұның өз кезегінде азаматтардың заңсыз тұрғын үй салуына жағдай жасау болып отырғанын айтады. Осыған байланысты аталған үйлерге электр қуатын қосуды тоқтату, бұл жөнінде арнайы жұмыс тобын құру, заңсыз жер сатумен айналысып жатқан азаматтардың қылмыстық жауапкершілігін қарау қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында қала әкімі Р.Абатұлы берілген тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын тиісті дербес бөлімдерінің басшыларына нықтап тапсырды.


Соңғы жаңалықтар