Түркістанда ұлттық нақыштағы бутик-отель салынады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда ұлттық нақыштағы бутик-қонақ үй ашылады. Қонақүйді «Түркістан» ӘКК» АҚ мен «BI Group» инвестициялық-құрылыс холдингінің еншілес компаниясы салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан» ӘКК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа форматтағы қонақ үй аумағы - 2 400 шаршы метр. Қайта жаңартылған ғимаратта орналасатын қонақүйде 66 бөлме болмақ. Жобаны іске асыру барысында қонақ үй бизнесіндегі халықаралық стандарттар басшылыққа алынады. Бутик-отель құрылысын жүргізу мақсатында іздестірілген әлеуетті серіктес-инвестордың тиісті тәжірибесі мен біліктілігі, портфолиосы маңызды болған.

«Интерьер жергілікті нақышта, тарихи, ұлттық, сондай-ақ, туристерге өте тартымды қазақ халқының дәстүрлі элементтерімен өрнектеледі. Сондықтан серіктес ретінде елде имидждік және жаңашыл жобалар құрылысында мол тәжірибесі бар «BI Group» компаниясын таңдау - дұрыс шешім болды. Жыл сайын артып келе жатқан қажылық мақсатта келушілер мен туристер легін ескерсек, этникалық стильде безендірілетін бутик-қонақ үй сұранысқа ие болады. Жаңа Түркістанның сәніне айналады», – дейді «Түркістан» ӘКК» АҚ инфрақұрылым мен туризмді дамыту департаментінің директоры Баян Каюпова.

Сонымен қатар, қазіргі таңда халықаралық франшизаға ие кофейнялар, түрлі форматтағы мейрамхана кешендерін салу мақсатында серіктес-инвесторлардан ұсыныстар қабылдануда. Айта кетейік, Түркістан қаласын дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер шеңберінде «Түркістан» ӘКК» АҚ облыс орталығының сервистік және қонақ үй қызметтерінің нарығын зерттеген болатын.

Нәтижесінде ең перспективалы, болашаққа бағытталған жоба ретінде қаланың тарихи-мәдени орталығына орналасатын «бутик-отель» форматында қонақ үй соғу туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар