Түркістанда мемлекеттік қызметшілер баспаналы болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жаңа облыс орталығы – қасиетті Түркістан шаһарына қызмет бабымен қоныс аударған мемлекеттік қызметшілер жаңа баспанаға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың қуанышына ортақтасып, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында баспаналы болған нәзік жандарға пәтер кілттерін табыс етті. Бұл күні сан түрлі кәсіп өкілдері: құқық қорғау саласының өкілдері, әскери қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік сала қызметкерлері, мәдениет, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар жаңа қоныс иелері атанды. Өңір басшысы әйелдерді алдағы 8 наурыз мерекесімен құттықтап, әр отбасыға баянды бақыт тіледі.

«Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау секілді игі шаралар дәстүрге айналды. Мемлекет қамқорлығының арқасында, бүгін де қаншама шаңырақ шаттыққа бөленіп отыр. Қызмет бабымен жаңа облыс орталығына көшіп келіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген өздеріңізге ықыластымыз ерекше. Баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, жаңа баспаналар сіздерге бақыт әкелсін деп тілеймін», – деді облыс әкімі.


Өмірзақ Естайұлы тұрғындары күн сайын көбейіп жатқан Түркістан шаһарында алдағы уақытта да мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етуге көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Өңір басшысы өз ошақтарының табалдырығын аттаған жаңа қоныс иелерінің шаңырағында болып, жайылған дастарханнан дәм татты.

Мемлекеттік бағдарламамен «Отырар» ықшамауданында 336 пәтерлі 5 қабатты 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі қуаныш иелері – 15 отбасы. Көпқабатты пәтерлер құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһарда жыл соңына дейін 7 қабатты 24 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 1452 пәтер иелері қоныс тойын тойлайды.


Соңғы жаңалықтар