Түркістанда Қажымұқан атындағы халықаралық турнир өтіп жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістанда қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналған қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың ашылуы барысында батыр баба туралы телефильм көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, барлық спортшыларға даңқты балуан жайлы жазылған кітап берілді. Көпшілік күш атасы Қажымұқанның қолданған заттары қойылған тарихи мұражайды тамашалады.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қазақ күресінің әлемдік деңгейде өркендеп жатқанын айтып өтті.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Шаттық Қажымұқан бұл турнирге арнайы келіпті.

Батыр бабаның ұрпағы іс шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Кіл мықты балуандар бәсекесіне биыл Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 200-ден астам апайтөс саңлақтар қатысып, бақтарын сынауда.

Боз кілемде таланттарымен танылған мықты саңлақтардың арасында жеңімпаз болған бас жүлде иегеріне темір тұлпар берілмек.


Соңғы жаңалықтар